сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Елімізде 20 мыңнан астам адамды әскерге шақыру жоспарланған

/
istockphoto.com
Шақыру науқаны ағымдағы жылдың 30 маусымында аяқталады.

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру басталды. Шақыру науқаны ағымдағы жылдың 30 маусымында аяқталады. Осы уақыт ішінде Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам адам толықтырады.  

«ҚР Қарулы Күштерін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери жағынан дамыған басқа елдердегідей мерзімді қызметтегі әскери қызметшілермен жасақтау әскери қауіпсіздікті, тұрақтылық пен аумақтық тұтастықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар әскери-оқытылған резервтің негізі болып табылады, ол қажет болған жағдайда елімізді қорғау үшін жұмылдырылуы мүмкін», - деп атап өтті ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Сәкен Жүсіпов.

Қарулы Күштерге 10 мыңнан астам, Ұлттық ұланға - 7 мыңнан астам, ҰҚК Шекара қызметіне - 2 мыңнан астам, ТЖМ - не - 300-ден астам адам, Мемлекеттік күзет қызметіне - 300-ге жуық адамды шақыру көзделген.

Бөлісу: