сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

Ақкөлде анасынан қашқан 5 жастағы бала табылды

/
Сурет: Полиция департаменті
Бұл туралы Ақмола облысы Полиция департаментінің ресми парақшасы жариялады.

Ақмолалық полицейлер анасынан қашқан бес жасар баланы жарты сағат ішінде тапты, деп хабарлады turkystan.kz.

Оқиға 4 наурыз күні кешке Ақкөл қаласында болған. Бес жасар баланың жоғалуы туралы учаскелік инспектор Максад Джаппаровқа баланың анасы хабарлады. Баланың жоғалғанын анықтаған әйел дабыл қағып, дереу учаскелік полиция қызметкеріне қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын қысқаша хабарлады.

Бала анасымен бірге жергілікті сауда үйлерінің бірінде болғаны белгілі болды. Анасы басқа нәрсеге алаңдаған кезде, бала сыртқа шығып, белгісіз бағытқа қашып кеткен. Әйел көрсеткен мекенжайға жедел-тергеу тобы, учаскелік инспектор Максад Джаппаров және полиция бөлімінің жеке құрамы дереу келді. Іздеу іс-шараларын жүргізу үшін полиция қызметкерлері бірнеше мобильді топтарға бөлінді, сонымен бірге полиция қызметкерлері дүкен аймағында орнатылған бейнекамералардың жазбаларын қарады.
 

«Камералардың бірі баланың қай бағытта кеткенін тіркеді. Баланың кеткен бағыты бойынша ізімен учаскелік Максад Джаппаров жүрді. Көшеде қараңғы түскендіктен, полиция қызметкері баланың қорқуы немесе қауіпті жағдайға тап болуы мүмкін деп алаңдады. Бақытымызға орай, ақпарат келгеннен кейін жарты сағат өткен соң, бала табылды. Полиция капитаны Максад Джаппаров баланы жеке үйлердің аумағында тауып, бірден анасына тапсырды. Полицейлер баланың анасымен профилактикалық әңгіме өткізді, қазіргі уақытта бала ата-анасымен бірге», - делінген полиция берген хабарламада.

Полиция қызметкерлері ата-аналардан балаларын бақылауды күшейтуді, оларды қараусыз қалдырмауды, ал үйден шыққан немесе хабар-ошарсыз кеткен жағдайда дереу ішкі істер органдарына хабарлауды сұрайды.

Бөлісу: