Ақтауда 2014 жылы туған бала жылу құбырынан атқылаған ыстық суға күйіп қалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлады turkystan.kz сайты Lada.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 4 наурыз сағат 19:30 шамасында Ақтау қаласындағы 15-шағын аудандағы 13-үйдің жанында болған.
Оқыс жағдайға көктайғақ пен жылу желісіндегі ескірген құбыр себеп болған. Күйік шалған баланың анасы оқиға туралы айтып берді.
«Балам тайып кетіп, құбырдан атқылаған ыстық суға түсіп, белден төмен қатты күйік шалды. Ол жансақтау бөлімінде жатыр. Кешке қарай ауруханадан келсем, су өшіп қалыпты, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан болуы керек.
Баланы құтқарып алып жатқанда судың қысымын жазып алуға шама болмады. Бірақ балаларымыздың мұндай жағдайға түскені дұрыс емес. Бұл оқиғаға жауапты біреу болуы керек деп есептеймін. Бұл немқұрайлылық», - дейді баланың анасы.
«Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, компания мамандары құбырдың жарылғанын оқиғадан соң білген.
«Әрине, су күні бойы атқылап, ешкім оған назар аудармады дей алмаймыз. Дабыл түскен бойда апат орнына бардық, біздің мамандар түні бойы оның салдарымен күресті. Қоршау орнатты. Жылу желісі үзілді. Таңғы сағат төртке дейін жұмыс істеді, қазір қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді мекеме өкілдері.