Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы өңіріміздің түпкір-түпкірінде жемісті жалғасып жатыр. Жетісу өңірінде де бұл жоба аясында тың бастамалар іске асырылып, кәсіпкерлер жаңа мүмкіндіктер ұсынылып отыр.
Мәселен, Ақсу ауданында ауылшаруашылық техникаларын сатып алып қызмет көрсетуге кооператив құрылып, бұл үшін 27,6 млн теңге несие берілген. Жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіп бастап, тігін цехі, аяқкиім жөндеу орталығын ашуға 11,9 млн теңгеге 3 тұрғын шағын несие алған.
Қандас Қарлығаш Тұмарбай 2008 жылдан бері тігін ісімен айналысып келеді. «Ауыл аманаты» жобасымен 4,8 млн теңге несие алған. Ол үйінің ауласында шағын тігін шеберхана ашқан. Жобаға қатысып, алған несиесіне кәсібін одан әрі дамыту үшін жүн мен мақта түтетін және матрац тігетін заманауи автоматтандырылған аппараттар сатып алған.
«Бұл жоба бізге үлкен серпін берді. Тегін кәсібімен 15 жылға жуық уақыт айналысып келемін. Қазір кәсібімнің нәсібін көріп, тапсырысты көптеп қабылдап жатырмыз. Негізінен қыз жасауына, үйде күнделікті қолданғанға көрпе-жастықтар мен матрацтар тігуге тапсырыс аламыз. Тапсырыс беруші егер көрпенің жүннен жасалғанын қаласа, қойдың жүнін жуып, тазалап, кептіріп алып келеді. Ал мақтадан жасалғаны керек болса, біз өзіміз Алматыдан арнайы сатып алған мақтамызды қолданамыз», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде ол ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Жаз мезгілінде жұмыс көлемі артқанда қосымша тағы бір адамды жұмысқа тартпақ.
Ал Панфилов ауданына қарасты Сарыбел ауылдық округінің тұрғыны Минура Қасымжанқызы өз қаражатына екі арнайы аппарат сатып алып, тігін цех ашқан. Одан кейін «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2023 жылы 6,5 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Осылайша қаражатты материалдық базасын нығайтуға жұмсап, мақта түтетін, матрац тігетін тағы 2 аппарат сатып алып, қазір кәсіпкер 3 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып, отандық өндірісті дамытуға үлес қосып отыр. Оның айтуынша, мұнда жамылғы көрпегі қабитін тігістің 380 түрі бар.
«Мамандар арнайы монитордың алдында отырып, барлық үдерісті басқарып отырады. Алдағы уақытта тігін машиналарын сатып алып, тігіншілерді жұмысқа алсақ, өнім түрлерін көбейтсек деген ниетіміз бар», – дейді Минура Қасымжанқызы.
Бағдарлама ауыл тұрғындарына төмен пайызбен несие алып, өз кәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мал шаруашылығы, егіншілік, наубайхана, тігін цехы, тұрмыстық қызмет көрсету салалары бойынша көптеген жоба жүзеге асырылып, ауыл экономикасы қарқынды дамып келеді.