Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар өтті

Мерейтой жылы Қорғаныс министрлігі осындай іс-шараларды елорда мен ел өңірлерінің басқа да қоғамдық орындарында өткізетін болады

Астанада Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар өтті
Қорғаныс министрлігі
137

Елорданың "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығында мерейтойға арналған концерт пен көрме өтті. 

ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы (ҰӘПО) Орталық әскери оркестрінің музыканттары қала тұрғындарына арнап классикалық және заманауи туындыларды орындады. Оркестрдің орындауындағы таныс әскери және патриоттық, марштық және джаз әуендері көрермендердің қошеметіне бөленді.

ҰӘПО Орталық ансамблінің солистері тыңдаушыларды соғыс жылдарындағы әндер мен патриоттық шығармаларды орындап қуантты. Ал ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбаздары қала тұрғындарын жалынды сарбаз биімен тәнті етті.

Әскерилердің көпшілік алдына шығып өнер көрсеткеніне әрқашан қуанамыз. Демалыс күндері біздің орталыққа көп адамдар келеді. Әскери қызметшілердің өнерлерін көрермендер әрқашан жылы қабылдайды, – деп атап өтті "Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығы әкімшілігінің өкілі Жазира Садықан.

Орталық алаңда құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері де өнер көрсетті, олар көрермендердің назарын тіп-тік болып сап түзеп, нақты қимылдармен аударды.

"Хан шатырға" келушілерге арнап нағыз мереке ұйымдастырған Қорғаныс министрлігіне рахмет. Әскерилердің келбеті, музыканттардың үйлесімді ойыны, соғыс жылдарындағы әуендердің ауыртпалығымен таныс жандарға – осының бәрі ерекше әсер береді және жер бетінде бейбітшілікті қорғаған жауынгерлеріміздің ерлігі жайлы естеліктерді еске түсіреді, – деді астаналық Айман Батырова.

"Хан шатыр" орталығының халық көп жиналатын алаңында өткен концертпен қатар ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи музейінің қызметкерлері "1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан" атты көшпелі көрме ұйымдастырды.

Экспонаттар қатарына жеке заттар, мұрағат құжаттары, соғыс батырлары Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов, Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың бірегей фотосуреттері, сондай-ақ шайқас орындарынан табылған снарядтар мен сарбаздар медальондары бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс – Қазақстан тарихының ажырамас бөлігі. Көрме бүкіл адамзатқа қауіп төндірген фашистік "машинаны" тоқтатқан отандастарымыздың ерлігін еске салады. Сұрапыл соғыста миллиондаған адамның өмірі қиылды. Тарихымыздың осы қайғылы бетін еске түсіруге және көрме жәдігерлерін көруге  мүмкіндік бергендеріңіз үшін рахмет, – деді Астана қаласының тұрғыны Әлішер Төлепалғанов.

Мерейтой жылы Қорғаныс министрлігі осындай іс-шараларды елорда мен ел өңірлерінің басқа да қоғамдық орындарында өткізетін болады. Ондағы мақсат – отандастарымызға қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, бейбітшілік пен Жеңіс орнату үшін бәрін жасаған тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығын ұмытпау.

Серіктес жаңалықтары