«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы «Өңірлік даму» кеңесінің отырысында су тасқыны кезеңіне дайындық барысы талқыланды. Астана қаласы әкімдігі, ТЖД, «Қазсушар» ШЖҚ РМК, «Казгидромет» РМК-нің өкілдері қатысқан жиында Астана қаласының көктемгі су тасқынына қарсы дайындық деңгейі, қауіпті аймақтары мен елордаға жақын орналасқан елді мекендердегі жағдай туралы сөз етілді.
«Жиынымыздың негізгі мақсаты – елорданың су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейімен танысып, бірлесіп жұмыс істеу. Бәрінен бұрын тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан жағдайды осы бастан бақылауда ұстап, жұмыла әрекет етуіміз керек. Сақтықта қорлық жоқ», – деді «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.
Бүгінде коммуналдық қызмет өкілдері қаладан 5,6 млн. текше метрден астам қар шығарып, 22,9 мыңнан астам метр арық-науа желісін, 11 492 метр коллекторларды және 586 дана жаңбыр қабылдау құдықтарын тазартқан.
«Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп алдағы су тасқыны кезеңіне дайындықты алдын ала бастады. Арнайы комиссия қаланың су тасқыны қаупі бар учаскелерін зерттеп, 18 учаске бойынша аудан әкімдеріне қажетті шараларды қабылдау туралы ұсынымдар берді», – дейді Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Мырзагелдиев.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, су тасқыны құбылыстарына уақтылы ден қою мақсатында жеке құрамында 581 адам, 506 бірлік техникасы, 131 бірлік мотопомпасы бар азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылған.
Елорданы шаруашылық-ауызсу және өндірістік сумен жабдықтаудың жалғыз көзі – Астана су қоймасы.
Астана қаласын сумен жабдықтауға, жерді суаруға және су қоймасынан төмен Есіл өзені бойынша санитарлық су жіберуді қамтамасыз етуге арналған Астана су қоймасы 1970 жылы пайдалануға берілген. Қаладан оңтүстік-шығысқа қарай 65 км жерде орналасқан су қоймасының жағдайын үнемі бақылауда ұстау өте маңызды.
«Бүгінде су тасқынына қарсы учаскенің аумағын, кірме жолдарды және қорғаныс бөгетінің жотасын қардан тазарту секілді дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңінде қажет жеке қорғаныс құралдарымен, арнайы киіммен, ЖЖМ, қосалқы бөлшектермен, алғашқы медициналық көмек құралдарымен, инертті материалдармен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Астана су қоймасының жағдайы қалыпты», – дейді «Қазсушар» ШЖҚ РМК өкілі Жанар Мухатова.
Елорданың су тасқыны кезеңіне дайын болуы «AMANAT» партиясының да мүддесінде. Сондықтан «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанынан жұмыс тобы құрылып, жағдайды бақылауда ұстау үшін тиісті шаралар қабылдамақ.