Дарында балаларға конкурстан тыс грант беріледі
Аталған заңның мақсаты – баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды.
Аталған заңның мақсаты – баланың құқықтарын қорғау, мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру.
«Заңмен «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының заңына жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған тәлімгерлік институтын реттеу үшін «тәлімгерлік жөніндегі ұйым» ұғымы енгізіледі, сондай-ақ бұл ұйымның құқықтары мен міндеттері айқындалады. Тәлімгер болуға үміткер адамдарды арнайы ұйымда тәлімгерлік бойынша оқытудан міндетті түрде өткізу белгіленеді және оларға құқықтық, психологиялық көмек көрсетуді көздейді», - деді сенатор Алтынбек Нухұлы.
Сенатор «Мәдениет туралы» заңға қатысты біршама ұсыныстарын жеткізді.
«Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының заңына қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін мемлекеттік ақпараттық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құруды, қазақ тілінің барлық стильдері мен жанрларының мәтіндерін қамтитын ақпараттық-анықтамалық жүйе ретінде Қазақ тілінің ұлттық корпусын құруды, қазақ тіліндегі мәтіндерді өңдеу, генерациялау және талдау үшін жасанды нейрондық желіге негізделген қазақ тілінің сөздік қорына қолжетімділікті қамтамасыз ететін ауқымды тіл моделін қалыптастыруды көздейтін түзетулер енгізіледі. Бұл түзетулер, қазақ тілін мәдени құндылық ретінде әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді, мемлекеттік тіл ретінде мәртебесін нығайтады деп сенеміз», - деді ол.