«AMANAT» колледж түлектерінің жұмысқа тұруына жәрдемдеспек

«AMANAT» колледж түлектерінің жұмысқа тұруына жәрдемдеспек
175

Жұмыс іздеу – түлектер үшін аса күрделі мәселе. Сондықтан мемлекет пен қоғамға, бизнеске жүктелетін басты міндеттің бірі – осы процесті жеңілдету. Соның нәтижесінде, әр азамат еңбек нарығында өз орнын таба алады. Астана қаласындағы колледждерінің түлектеріне көмектесу мақсатында «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының елордалық филиалы 6 колледжбен және бірқатар коммерциялық компаниялармен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Бұл өзара серіктестік студенттерге тиісті жағдай жасауды көздейді. Яғни, оқуын аяқтаған азаматтардың өз мамандығы бойынша тікелей жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі.

«Өздеріңіз білетіндей, 2025 жыл – ерекше жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Біздің қоғамда еңбекқорлық және кәсіби шеберлік құндылықтары әрқашан бірінші орында тұруға тиіс. Меморандум колледж студенті тәжірибеден өткен кәсіпорынға жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл құжат техникалық-кәсіптік мекемелердегі білім сапасын арттыруға бағытталған», – деді «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова.

Бұл ретте, меморандум жұмыс берушілер үшін де қызықты болып отыр. Олар колледждерді еңбек нарығындағы және өз кәсіпорындарындағы өзекті қажеттіліктер туралы хабардар етіп қана қоймай, нақты мамандарды даярлауға тапсырыс бере алады. Бұл туралы елордалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Салтанат Жаналаева айтты.

«Біздің басты идеямыз – білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасында тікелей диалог орнату. Бүгінде білікті маман дайындау жеткіліксіз, оның жұмысқа орналасуына көмектесу маңызды. Қызметкерлерге, олардың білімі мен дағдыларына қойылатын талаптар күн сайын өзгеріп отырады. Қол қойылған меморандум жұмыс берушілерге колледждердің оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, студенттерді тәжірибеден өткізуге ынталандырады», – деді ол.

Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек елорда тұрғындарының орташа жасы 30 жастан аспайтынына және қала халқының 500 мыңға жуығы жас азаматтар екеніне назар аударды.

«Біздің қала – әлемдегі ең жас астаналардың бірі. Осы орайда, «AMANAT»-тың міндеті – жастарды жан-жақты қолдау, олардың өмір сүруіне, дамуына, лайықты табыс табуына жағдай жасау. Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жалғасуда. Осы және өзге шаралар 13 мыңнан астам жас азаматты жұмысқа орналасуға көмектесу шараларымен қамтуға мүмкіндік берді», – деді ол.

Лифт компаниясының басшысы Алексей Гесс осы күні көптеген компанияларда білікті кадр тапшылығы бар екенін және қол қойылған меморандум осы мәселені шешуге көмектесетінін атап өтті.

«Кадрларымыздың қатары жүйелі түрде толығып тұрғаны біз үшін аса маңызды. Себебі жабдық жетілдіріліп, көбейіп келеді. Тиісінше өзекті өндірістік-техникалық базада дайындалған мамандар қажет. Менің ойымша, меморандум бізге ғана емес, өзге де көптеген жұмыс берушілерге пайдалы болмақ», – деді ол.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты жас азаматтар арасындағы жұмыссыздықпен күресу мақсатында үшінші жыл қатарынан «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп келеді. Жалпы, ел аумағында осы уақыт ішінде 160 мыңнан астам адам қатысқан екі жүзден астам «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Бұған қоса, 30 мыңға жуық жас азаматқа 2,5% жеңілдікпен несие алу бойынша кеңес берілді.

Серіктес жаңалықтары