Павлодар облысында алдағы бес жылда 10 мың жұмыс орны ашылады

Келесі жылы темір жол кластері саласында 535 жұмыс орнына есептелген кешенді іске қосу, 1000-нан астам жұмыс орнына арналған электрометаллургия зауытының құрылысы  жоспарланып отыр.

Павлодар облысында алдағы бес жылда 10 мың жұмыс орны ашылады
istockphoto.com
252

Өңірлік пулда үш триллион теңгеден астам сомаға 140 инвестициялық жоба енгізілген.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Людмила Құрманованың айтуынша, өңірлік пулға өңдеу өнеркәсібі, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және туризм саласындағы жобалар енгізілген. Күрделі 40-тан астам жоба өнеркәсіп саласына қатысты. Ең ірі үш жоба Екібастұз қаласында жүзеге асырылады, үш ферроқорытпа зауытында 1675 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, келесі жылы темір жол кластері саласында 535 жұмыс орнына есептелген кешенді іске қосу, 1000-нан астам жұмыс орнына арналған электрометаллургия зауытының құрылысы  жоспарланып отыр.

–  «Павлодар» АЭА аумағында «ЕГМК» компаниясы құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу жөніндегі жаңа жоба шеңберінде 500-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Алдағы бес жылда 10 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, – деді Людмила Құрманова.

Аймақ басшысы қалаларда өнеркәсіп дәстүрлі түрде дамып келетінін, бірақ ауылдық жерлер де назардан тыс қалмауы тиіс екенін атап өтті.

– Жақында екі жоба жүзеге асырылып жатқан Қалқаман ауылында болдық. Мұндай жобаларды пулға қосу және бақылау, барлық жағынан қолдау маңызды. Себебі, жұмыс орындарын ашу – біздің басты міндеттеріміздің бірі және тұрғындардың әл-ауқаты осыған байланысты.  Егер де ауылдарда қандай да бір жұмыс орындарын ашуға тырыссақ, қалалық жерлерде мамандарды ұстап тұру үшін  еңбекақысы 400-500 мың теңгеден жоғары жұмыс орындары қажет, –  деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс әкімі өңірлік жұмыспен қамту картасына енгізілген жобалар бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды жан-жақты жинап, талқылап, үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары