«Сатылмайтын Алпамыс»: Ауыл баласы жемқорлыққа қарсы ойын ойлап тауып, 1 млн теңге ұтқан

Жемқорлыққа қарсы тұру мәдениеті мектеп жасынан қалыптасуы қажет.

«Сатылмайтын Алпамыс»: Ауыл баласы жемқорлыққа қарсы ойын ойлап тауып, 1 млн теңге ұтқан
Кейіпкердің жеке мұрағатынан
924

Ел іші талантымен топ жарып жүрген жас дарындарға кенде емес. Жастайынан ерекше дарынымен көзге түсіп, көпшіліктің құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген жас өнертапқыштар жетерлік. Turkystan.kz сайтының тілшісі 10 жасынан оза шауып, өнертабысы арқылы республикалық сайыстардан жүлде алып жүрген талапты жастың бірі – Нұрәли Амангелдиевпен тілдескен еді. Нұрәли Абай облысына қарасты Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сыныбында оқиды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын жасап шығарған. Жас өнертапқыш бұл ойынды құрастыруда балалар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру, арам ақшаның заңға қайшы екенін түсіндіру, оқушылардың құқықтық сауатын арттыру мақсатын көздегенін айтады. Аталған ойынды құрастыру идеясы он жасында туындапты.

«2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жеке орган ретінде құрылған кезде жемқорлыққа қарсы жобалар конкурсын жариялады. Ол кезде IT технологияларға енді қызығып жүрген едім. Әкеме барып балаларды жемқорлықпен күресуге үйрететін ойын жасағым келетінін айттым. Әкем қолдады. Ол кезде ойынды 2D форматында жасап, Шығыс Қазақстан облысы бойынша ұйымдастырылған конкурсқа жібердік. Облыстан бірінші орын алдым. Содан кейін 3D форматында жасауға көштім. Ойын квест форматында жасалған. Мұнда әр ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де өзі шешеді: сот, прокурор немесе әкім, шенеунік. Ойын барысында әртүрлі кезеңдерден өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің бүге-шігесін меңгеріп, ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді», – дейді ол.

«Жемқорлыққа қарсы тұру мәдениеті мектеп жасынан қалыптасуы қажет»

Нұрәли кейін осы жобасымен республикалық конкурсқа қатысып, 1 000 000 теңге ұтып алыпты. Енді ойынды одан әрі жетілдіріп, қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқасын жасағысы келеді. Ойын әзірге орыс тілінде.

«Қазір осы жобаны одан әрі дамытып жатырмын. Кең қолданысқа енгізгім келеді. Көпшілікке қолжетімді болуы керек. Өз елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелде де ойнаса деймін. Бұл ойынды балалар ғана емес, үлкендер де, мемлекеттік қызметкерлер де ойнай алады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәдениеті студент немесе есейген кезден емес, мектептен басталып, бала жастан қалыптасуы қажет. Балалар бұл ойынды ойнап, жемқорлықтың заңға қайшы екенін, оның қандай салдары болуы мүмкін екенін түнісіп өссе екен деген ой болды. Бұл жай ойын ғана емес. Мұнда балалар көп дерекпен таныса алады. Мысалы, олар осы ойын арқылы нормативтік-құқықтық актілердің не екенін білетін болады. Әкімшілік құқық пен қылмыстық жауапкершіліктің ара-жігін ажырата алады. Әр кезеңде Қылмыстық кодекске түсіндірме беріледі. Сондай-ақ ойын соңында Абайдың адалдық, әділдік туралы айтатын 18 қара сөзі енгізілген. Алдағы уақытта сурдо-аудармашы қызметін қосқым келеді», – дейді жас дарын.

«Баламыздың өнертабысы Қазақстанға пайдалы болса екен»

«Сатылмайтын Алпамыс» – Нұрәлидің жалғыз жобасы емес. Жақында «Электр энергиясын лазермен жеткізу» деген атаумен жоба құрастырып шығып, республикалық сайыстан 2-орын алыпты. Ол өз сөзінде оған қолдау білдіретін де, шабыттандыратын да ата-анасы екенін айтады. Болашақта IT мамандығын оқып, еліміздегі ірі IT компанияларда жұмыс істесем деген арманы бар.

«Жұбайым екеуміз де мұғалімбіз. Өзім құқықтану негіздері, алғашқы әскери дайындық пәндерінен сабақ беремін. Жұбайым информатика пәнін оқытады. Екі ұлымыз бар. Үлкен ұлым Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқып жатыр. Кенжем Нұрәли кішкентай кезінен математика мен информатикаға бейім болды. Қазір IT саласына көп көңіл бөліп жүр. Бұйырса биыл 9-сыныпты бітіреді. Семей қаласындағы жаңадан ашылған IT колледжге құжат тапсырғалы отыр. Бастапқыда Нұрәли үлкен ұлым Асанәлиге ілесіп, түрлі жобаны екеуі бірге істеп отыратын. Кейін үлкен ұлым ағылшын тілін меңгеруге ден қойып кетті. Десе де Нұрәлидің қызығушылығы кемімеді. Керісінше, шабыты ашылып, болашақта түрлі олимпиада, жарыстарға қатысамын деп көптеген ойын жазды. Өнертапқыштық қабілеті 10 жасынан байқала бастады. Жобаларының бәрін өзі жазды. Біз бағыт-бағдар беріп отырамыз. Облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті «Сатылмайтын Алпамыс» жобасына қызығушылық танытып, балама грамота берді.  Департамент орынбасарымен кездестік. Олар бізге қылмысқа қандай баға берілетінін айтып, құқықтық көмек көрсетті. Қазір бұл ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр. Бастысы –  баламыздың өнертабысы Қазақстанға пайдалы болса екен дейміз», – дейді әкесі Қанат Амангелдиев.

Серіктес жаңалықтары