2025 жылы Қазақстанда 175 мың тұрғын үй салу жоспарланған
2024 жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064 жеке үй.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 18,96 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064 жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр.
2024 жыл Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі болды. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.
Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім балалар және т.б.
Әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды.
Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды.
«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылы 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 64 мыңға жуық отбасын қолдауға 1 трлн. теңге бөлген. Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады.
2025 жылы елімізде 19 млн. шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн. шаршы метр салу жоспарлануда.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Президенттің әрбір қазақстандықтың қолайлы жағдайда өмір сүруін қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын белсенді түрде жүзеге асыруда.