Атырауда фельдшерлер егіздерді аман алып қалды
Фельдшерлер 49 жүкті ананы үйінде босандырған.
Атырауда жедел жәрдем стансасының фельдшерлері егіз сәбиге жүкті әйелді үйінде босандырып алды.
Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманованың мәліметінше, жыл басынан бері фельдшерлер 49 жүкті ананы үйінде босандырған. Сондай оқиғаның бірі 29 желтоқсанда болған.
– Жедел жәрдем стансасының диспедчерлік пультіне жүкті әйелден шақырту түсті. Соған байланысты №9 бригаданың фельдшерлері Эльвира Кәримова мен Қанат Жексенбаев шақырту берілген мекенжайға жеткенде, жүкті әйелдің толғағы басталған. Біздің фельдшерлер жүкті ананы үйінде босандырып, егіздің кіндігін кесті. Содан соң облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді, - дейді Наргиз Абдрахманова.
Фельдшер Эльвира Каримова жедел жәрдем стансасында 11 жылдан бері жұмыс істейді. Ал жас фельдшер Қанат Жексембаев бұл саладағы жұмысын былтыр бастаған.
– Біз шақырту бойынша науқастарға жиі барамыз. Бірнеше жүкті ананы үйінде босандыруға қатыстық. Алайда егіздің өмірге келуі алғаш рет кездесіп отыр. Мұндай жағдайда қобалжу болады ғой. Дегенмен, жүкті ана егіз қызды аман-есен босанды. Біріншісінің кіндігін кескенде, екіншісі де өмірге келді. Бұл – осы жылдың ұмытылмайтын басты оқиғасы, - дейді Эльвира Каримова.