Бокстан АЧ: бейсенбі күні Қазақстан намысын 6 спортшы қорғайды

Жеңген боксшылар жартылай финалға шығып, кемінде қола медаль алады

Бокстан АЧ: бейсенбі күні Қазақстан намысын 6 спортшы қорғайды
Фото: boxingkazakhstan
229

Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер және әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында алтыншы жарыс күні Қазақстаннан 6 спортшы рингке шығады.

Жекпе-жектер әдеттегідей сағат 12.00-де басталады.

Алдымен екінші жұпта Оразбек Асылқұлов (57 кг) ширек финалда таиландтық Фануват Чуджанатпен қолғап түйістіреді.

Жетінші жұпта Бейбарыс Жексен (60 кг) тәжікстандық Акмал Убайдовпен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Оныншы болып шаршы алаңға Ерасыл Жақпеков (80 кг) көтеріліп, қырғызстандық Сағын Сатыбалды уулумен кездеседі.

Бұдан кейін әйелдер арасында үш қазақстандық сынға түседі. 14-жұпта Жазира Орақбаева (52 кг) тайбэйлік Ютин Луомен жұдырықтасады.

Он тоғызыншы жекпе-жекте Ұлжан Сәрсенбек (57 кг) Вьетнам өкілі Тран Нгуенмен, 22-жұпта Виктория Графеева тағы бір тайбэйлік Чень Сюань Ені сынап көреді.

Жеңген боксшылар жартылай финалға шығып, кемінде қола медаль алады.

Әзірге Қазақстаннан Алуа Балқыбекова мен Сымбат Әлиасқар ғана жарыс жолынан шығып қалды.

Серіктес жаңалықтары