Теміртау қаласында заңсыз майнинг фермасы әшкереленді
Теміртау қаласында заңсыз майнинг фермасын ұйымдастыру фактісі анықталды.
Күдікті Теміртау қаласындағы өндірістік база аумағындағы металл контейнерлерде криптовалюта өндіретін есептеу құрылғыларын орнатқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тінту барысында объектіден 156 бірлік майнинг жабдығы (ASIC) және басқа да қосалқы құрылғылар табылып, тәркіленді.
Қазір алдын-ала тергеу жүргізіліп жатыр.
Қалған ақпарат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.
Жыл басынан бері заңсыз майнинг фермаларын ұйымдастыруға қатысты 11 факті анықталған. Олардың қылмыстық жолмен тапқан табысының жалпы сомасы 440 миллион теңгені құрады. Тергеу барысында 269 миллион теңге тұратын майнинг жабдықтары тәркіленіп, 373 миллион теңге тұратын цифрлық активтер өндірілді.
Айта кетейік, криптовалюта өндіру саласындағы заңсыз қызмет елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді, тұтынушылар мен кәсіпкерлерге электр энергиясын жеткізуге кедергі болады.
Қаржылық мониторинг агенттігі аталған қызмет түріне тиісті лицензия болған жағдайда ғана рұқсат етілгенін ескертеді.