Түркияда жойқын жарылыс болды

Жарылыстан соң өрт шығып, ол аз уақытта оқшауланған

Түркияда жойқын жарылыс болды
Дереккөз: Pexels
407

Түркияның Измир қаласында орналасқан «TÜPRAŞ» мұнай өңдеу зауытындағы шикі мұнайды қайта өңдейтін құрылғыда жарылыс болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға техникалық ақау салдарынан болған. Алайда, жарылыстың нақты себебі әлі белгісіз. Жарылыс болған соң, оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жіберілді.

Жарылыстан соң өрт шығып, ол аз уақытта оқшауланған. Қазіргі таңда жарылыстың салдарынан зардап шеккендер туралы ресми ақпарат жоқ, дегенмен жергілікті билік олардың болу мүмкіндігін жоққа шығармайды.

«TÜPRAŞ» зауытының басшылығы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін шұғыл қызмет өкілдерімен тығыз бйланыста жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Ұжым қызметкерлері мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі үшін зауыт жұмысы уақытша тоқтатылды.

Экологтар қоршаған ортаға зиян келу мүмкіндігіне алаңдаулы, себебі мұнда өңделетін мұнай көлемі өте мол. Жарылыстың даусы қатты шыққан және артынан тараған түтін алыстан көрініп тұрған. Осыған байланысты жағдайға жергілікті тұрғындар да алаңдаулы.

«TÜPRAŞ» Түркияның ірі мұнай өңдеуші зауыттарының бірі және ол елді энергоресурстармен қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.

Оқиға орнында қажетті жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті билік өкілдері жақын арада болған оқиғаны бүгін-шігесіне дейін баяндайды деген үміт бар.

Осыған дейін Түркияның Измит қаласында орналасқан «TÜPRAŞ» ірі мұнай өңдеу зауытында жарылыс болғанын жазған едік.

Серіктес жаңалықтары