Қытайлық жас зерттеушілер Сәтбаев университетінде білімін жетілдіріп жүр

Қытайлық жас зерттеушілер Сәтбаев университетінде білімін жетілдіріп жүр
www.gov.kz
358

Сәтбаев университетінің Ө.А.Байқоңыров атындағыТау-кен металлургия институтында «Инновациялық технологиялар және жаңа бейорганикалық материалдар» білім беру бағдарламасы бойынша Қытай Халық Республикасынан келген бес докторант білім алып жүр. Цюй Чжуанчжуан, Гао Лили, Лю Цзинцзин, Го Сяохун және Ли Цзя «Химиялық процестер және өнеркәсіптік экология» кафедрасында білімін жетілдіріп жүр.

Жас ғалымдар ағынды суларды тазарту үшін инновациялық материалдарды пайдалану, нано- және композиттік материалдарды, сондай-ақ экология мен өндірістегі заманауи технологияларды зерттеулермен айналысып жүр. Олар оқу мен зерттеу жүргізу үшін қолайлы жағдай жасағаны үшін және Қазақстан, Қытай, Малайзия, Польша және Ұлыбританиядан келген жетекші ғалымдардың басшылығымен жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін университетке алғыстарын білдірді.

– Қазақстанға келгеніме бір ай ғана болса да, біз көптеген жаңа достар тауып, уақытты қызықты өткіздік. Келешекте көміртегі негізіндегі материалдарды синтездеп, оларды энергия сақтау жүйелерінің барлық түрлеріне қолдануды жоспарлап отырмын. Бізге қолдау көрсеткен топ мүшелеріне алғысым шексіз, әсіресе PhD докторлары Қыдыр Асқарұлы мен серіктесім Елризаға ризашылығымды білдіремін. Қытай мен Қазақстан арасындағы достығымыз нығая берсін деп тілеймін!, – деді Шаньдун провинциясынан келген 1-курс докторанты Лю Цзинцзин.

Жас ғалым қазақстандық және британдық жетекшілердің басшылығымен «Электрохимиялық энергияны сақтау құрылғылары үшін жоғары тиімді электродтық материалдарды әзірлеу» тақырыбындағы диссертациясын әзірлеп жүр.

Қытайдан келген тағы бір докторант Цюй Чжуанчжуан да «Инновациялық технологиялар және жаңа бейорганикалық материалдар» мамандығы бойынша 1-курста оқып жүр. Ол Сәтбаев университетінің профессоры Азат Сейітхан мен Малайзиядан келген профессор Нұр Набих Юсуфтың жетекшілігімен «Наномагниттік цеолитті алу және оның нанопластиктерінің адсорбциялау қасиеттерін зерттеу» тақырыбында ғылыми жұмыс жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары