Бүгін түнде Қостанай облысы Рудный қаласында төтенше жағдай болып, жылу желісі істен шықты. Аталған жағдайға қатысты әкімдік түсінік берді.
«Рудный жылу желілері» ЖШС директоры Олег Әбілқайыровтың айтуынша, 8 қарашаға қараған түнде диаметрі 219 мм болатын кварталдық тарату құбырында ақау болған. Сағат 08:30-да бүлінген жер толығымен жөнделген. Қазір тұтынушылар біртіндеп желіге қосылуда, арнайы топ үйлерді тексеріп жатыр. «Жеке сектордағы 198 үй жылусыз қалды», – деді Әбілқайыров.
Ол бүгін таңғы сағат 05:55-те құбырда тағы да ақау шыққанын, бірақ басқа мекенжайда екенін айтты. Мұнда жеке сектордағы 27 үй жылусыз қалған.
«Қалпына келтіру жұмысы ұйымдастырылды, ақау бір-екі сағаттың ішінде жойылады», – деп уәде берді ЖШС басшысы.