283
Мейіржан Төребаев Павлодар абақтысынан Алматыға ауысты
Қаржы пирамидасын құрды деген айыппен сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Павлодар абақтысынан Алматыға ауыстырылды.
Ақпаратты ҚАЖД растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Төребаев пен Шерниязов Павлодардағы қауіпсіздігі төмен түзету мекемесінде жазасын өтеген. Алматыға да дәл осындай абақтыға ауыстырылған.
Заңда туысқандарына жақын жерде жазасын өтеу мүмкіндігі қарастырылған. Егер жақындары Алматыда тұратын болса, сотталушы соларға жақын жерде жазасын өтей алады.
Осы уақытқа дейін Мейіржан Төребаев өзіне кесілген бес жылдың үш жылын өтеген.
Еске салайық, Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 2023 жылдың маусымында бес жылға сотталған. Олар Mudarabah Capital және Astex.kz қаржы пирамидасын құрды деп айыпталған болатын. Олармен бірге тағы тоғыз адам сотталып, 6 жылдан 14 жылға дейін үкім кесілген.