Павлодарлық мүгедек әйел өзін зорлап кеткен адамды кешіре салды

Жәбірленушінің өкілі мен адвокаттары да соттан азаматты бас бостандығынан айырмауды сұраған

Павлодарлық мүгедек әйел өзін зорлап кеткен адамды кешіре салды
istockphoto.com
513

Павлодар сотында белгісіз үйге кіріп, әйелді зорлаған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот барысында жәбірленушінің мүгедек екені белгілі болды. Сотталушы оның үйіне түнде мас халде жасырын түрде кіріп, дәрменсіз жағдайын пайдаланып, зорлап кеткен.

Ер адамға Қылмыстық кодекстің 149-бабы 1-бөлігі («Бөтеннің үйіне кіру») және Қылмыстық кодекстің 120-бабы 1-бөлігі («Зорлау») бойынша айып тағылды. Прокурор оны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотта сөз алған жәбірленушінің өкілі мен адвокаттары олардың татуласқанын, сотталушының моральдық шығынды өтегенін айтты. Олар азаматқа талап-арызы жоқ екенін айтып, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраған.

Сондай-ақ кінәсін мойындап, өкінген сотталушының өзі шартты түрде жазалауды сұрады.

Сот істің барлық мән-жайын зерделеп, тараптарды тыңдай келе, сотталушыны «Зорлау» бабы бойынша 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қауіпсіздігі орташа мекемеде өтеу туралы шешім қабылдады.

Серіктес жаңалықтары