Маңғыстау облысында бір ауыл алкогольден бас тартпақ

Аудан әкімі Елтизаров ақсақалдарға Таушық ауылын "алкогольсіз ауылға" айналдыруды ұсынды.

Маңғыстау облысында бір ауыл алкогольден бас тартпақ
İstockphoto
169

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров Таушық ауылының тұрғындарымен жүздесіп, "алкогольсіз ауылға" айналдыруды ұсынды, деп хабарлады Қоғамдық коммуникация орталығы.

Таушық ауылында 3 363 тұрғын тіркелген. Ауыл тұрғындарына 1 амбулатория, 2 жеке медицина орталығы қызмет көрсетеді. 3 балабақша 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге мектепке дейінгі тәрбие беруде. Бүгінде балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құрайды. Жалпы білім беретін Шахта мектебінде 2024-2025 оқу жылын 722 оқушы бастады.

Кездесу барысында аудан әкімі Елтизаров ақсақалдарға Таушық ауылын "алкогольсіз ауылға" айналдыруды ұсынды.

"Ардақты ардагерлер! Сіздерге ішкі мәдениетті дамытып, көрші аудандарда жүргізіліп жатқан жақсы үрдіс бойынша Таушық ауылын "алкогольсіз ауыл" ретінде көпке үлгі етіп, алкогольді ішімдіктерден бас тартуға арналған жұмыстарды жүргізуге ұсыныс білдіремін", - деп атап өтті Рахат Елтизаров.

Кездесуде ауыл тұрғындары өздерінің толғандыратын сұрақтарына жауап алды. Кейін Рахат Тезекбайұлы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Серіктес жаңалықтары