"Түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жібереді": депутат курс өткізетін коучтар мен блогерлерді бақылауға алуды ұсынды

"Түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жібереді": депутат курс өткізетін коучтар мен блогерлерді бақылауға алуды ұсынды
сурет: parlam.kz
546

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға инфобизнес, контент мазмұны мен идеологиясына байланысты мәселе көтеріп, депутаттық сауал жолдады.

Біз қашан да «сөз қадірі – өз қадірім» деген халықпыз. Бүгінде әлеуметтік желідегі қаптаған түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де сөздің де қадірін кетіріп болды. Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық. Сөзімізге қоғамнан көптеген келеңсіз мысалдар келтіруге болады. Мәселен таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиға. Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдепкі дүниеге айналған.

Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде «бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын,  тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін» деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда. «Аңқау елге арамза молда» демекші олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар, – дейді Жарқынбек Амантай.

Оларды ауызекі тілде «инфосығандар» деп те атайтынын айтқан депутат олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес екенін жеткізді.

Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті. Қарияның бірауыз сөзі еліңді, кейуананың бір ауыз сөзі келінді тәрбиелеген ұлтымыздың отбасы құндылығын кім көрінген өзінше түсіндіріп, шаңырақтардың шырқын алды. Өз тағдырын түзей алмағандар өзгенің киелі табалдырығана төрелік айтып бағуда. Ал олардың көпке ұсынып отырған сабақтары біздің ұлттық құндылықтарымызға, Мемлекеттің «Неке және Отбасы туралы» Заңына қаншалықты сай екендігін тексеріп, талдап жатқан ешкім де жоқ! Сөйте тұра кебір деректерде еліміздегі осындай инфо бизнестің жылдық айналымы 500 миллион АҚШ долларын құрайтыны айталған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті Инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23-ші қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке орай қараусыз қалса керек, – дейді депутат. 

Ол былтыр Мәжіліс қабырғасында «Онлайн Платформа және онлайн жарнама» туралы заң жобасы қабылданғанын еске салды. Сонымен қатар, осы заңның әлі де болса орындалуы осал деп баға берді.

Әйтпегенде, біз көтеріп отырған мәселенің көбі дерлік аталған заңда бүге-шігесіне дейін қамтылған. Ал, жұртшылықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Аманат» партиясының «Қарысыз қоғам» жобасының осындай дерттермен күресуге бағытталған іс шаралары бір төбе. Соны ескере келе Үкімет ең алдымен, инфо бизнес платформаларының мазмұны мен  идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет. Екіншіден, «Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Үшіншіден, Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуге тиіс. Төртіншіден, Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет, – деді Жарқынбек Амантай. 

Серіктес жаңалықтары