Келесі жылы әскерилердің жалақысы көтеріледі

Келесі жылы әскерилердің жалақысы көтеріледі
istockphoto.com
407

Қазақстанда әскери қызметкершілердің жалақысын 50 пайызға көбейту, сондай-ақ қызмет өткерген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін арттыру жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрі Бектеновтің сенатор Лукинге берген жауабында айтылған.

«ҚР Әлеуметтік кодексінің 220-бабына сәйкес, әскери зейнеткерлерге қызмет өткерген жылдары бойынша зейнетақы жинақтарының қалдықтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге ақы төлеуге толық көлемде біржолғы пайдалануға құқық берілді. Сонымен қатар премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен жаңадан зейнеткерлікке шыққан әскери қызметшілерге қызмет өткерген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін қазіргі 50-65 пайыз орнына 60-75 пайыз мөлшерінде арттыру мәселесі пысықталып жатыр. Әскери қызметшілерді материалдық ынталандыру мақсатында 2024 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысымен күш органдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу көзделген, ол бойынша екі жыл ішінде (2025-2026 жылдар) әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысын орта есеппен 48,2 пайызға біртіндеп арттыру іске асырылады», - делінген Бектеновтың жауабында.

Бірінші кезеңде офицерлік құрамның лауазымдық жалақысын орта есеппен 20,3 пайызға, қатардағы және сержанттық құрамның жалақысын 33,9 пайызға арттыру көзделеді. Екінші кезеңде офицерлік құрамның лауазымдық жалақысы орта есеппен 23 пайызға, қатардағы және сержанттық құрамның жалақысы 10 пайызға артады.

«Сонымен қатар мен мүдделі мемлекеттік органдарға коммуналдық қызметтерді өтеу, далалық төлемдерді (қосымша үстемеақыларды) іске асыру, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің жылына бір рет теміржол көлігімен демалысқа және кері қайтуға, сондай-ақ қалалық, қала маңындағы және жергілікті қатынастағы қоғамдық көліктерде тегін жол жүру мәселелерін пысықтау жөнінде тиісті тапсырмалар бердім»,- делінген хабарламада.

 Жалпы премьер-министрдің мәліметінше, әлеуметтік қамсыздандыру шеңберінде әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің көбіне республикалық бюджеттен тұрғын үй төлемдері төленеді. Биыл бұл сома 118,5 млрд теңге болған. Бұл төлемдер тұрғын үй сатып алуға, оны жалға алуға және тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған.

Серіктес жаңалықтары