Қызылордада пара берген имам қызметінен босатылды

Имам өз қызметі бойынша құқық қорғау органдары тарапынан тексеруді болдырмау үшін пара ретінде 1 000 000 теңге қолма-қол берген.

Қызылордада пара берген имам қызметінен босатылды
istockphoto.com
345

Қызылордада Антикор қызметкеріне 1 миллион теңге көлемінде пара бермек болған имам жұмыстан шығарылды. Бұл қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды.

Оған қатысты іс ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен (пара беру) қозғалды.

«Жергілікті мешіттің бірінде қызмет атқарған Н.-ға туысы С. хабарласады. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері-жедел кезекшісі қызметін атқарған ол Н.-ға қатысты қызметтік хаттың бар екенін алға тартады. Сол мақсатта жалған жасалған қызметтік хатты көрсетеді. Онда сотталушы Н. діни теріс ағым өкілдерімен қарым-қатынаста және олардан ақша алып тұрады деген күдік бар екені мәліметтер бар. Оның екі әйелімен бірге тұратыны жазылып, бала-шағасын асырау үшін ақшаны қайдан алатыны және табыс көзі күмән тудыратыны жөнінде көрсетілген. Осындай мәтінмен жазылған хатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасы орынбасарының атынан қол қойылып, мөр басылғандығы көрсетілген», - деп атап өтті Қызылорда қаласының №2 сотынан.

Ведомство мәліметінше, өз кезегінде туысы сотталушыға хатта көрсетілген тексеру амалдарын жүргізбеу үшін пара ретінде 2 млн теңге талап еткен. Сотталушы Н. өзінің ешқандай теріс ағым өкілдеріне қатысы жоқ екенін айтып, өз қызметі бойынша құқық қорғау органдары тарапынан тексеруді болдырмау үшін пара ретінде 1 000 000 теңге қолма-қол берген.

«Алайда, ол өзінің және туысының әрекеті жөнсіз екенін ұғынып, өз еркімен осы қылмыс туралы арыз жазған. Туысы өзінің автокөлігі ішінде алған ақшасын кері қайтарып берген. Бұл жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижесімен құжатталды. Сотталушы Н. ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылды. Ал 367 баптың ескертуінде көрсетілген талапқа сәйкес және ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 12)-тармағына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатылды», - деп толықтырды соттан.

Аталған фактіге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы түсініктеме берді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкеріне пара бергені үшін кінәлі деп танылған имам биылғы жылғы 12 қыркүйектен бастап жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығарылған. ҚМДБ өз қызметкерлерінің жеке өміріне араласпайды. Сондықтан имамның әйелінің саны туралы мәліметтер жоқ. Бұған байланысты ҚМДБ отбасын құру мәселелері бойынша ең алдымен ҚР Конституциясы мен қолданыстағы заңнаманы, сондай-ақ шариғат заңдарын басшылыққа алады. Бұрынғы имамның деструктивті діни ағымдардың өкілдерімен байланысы және олардан ақшасын алу туралы ақпарат жоқ», - деп көрсетілген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары