АЭС – энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі

Атом энергетикасы ауаның ластану проблемасын шешеді. АЭС – көмір электр стансаларына қарағанда экологиялық тұрғыда әлдеқайда таза.

АЭС – энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі
337

АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Болат Керімбек пен Руслан Қожасбаев, Жетісу облыстық штаб мүшесі Бласов Бекет Жаулаубекұлы  Үштөбе қаласындағы Қаратал гумманитарлық колледждің ұжымымен кездесіп,  атом электр стансасының болашағын талқылады.

Штаб мүшелерінің айтуынша, атом энергетикасына көшу ауаның ластану проблемасын шешудің тиімді тәсілі. Өйткені АЭС – көмір электр стансаларына қарағанда әлдеқайда экологиялық тұрғыда таза. Халықтық штаб мүшесі Болат Керімбектың айтуынша, АЭС – бұл энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздіктің кепілі.

«Қазіргідей әлемде ресурстарға, энергияға бәсеке күшейген уақытта елдің энергетикалық тәуелсіздігі, энергетикалық қауіпсіздігі бірінші орынға шығып отыр. Мұндай жағдайда, орынсыз үрей мен жөнсіз популизмнің жетегіне еріп, АЭС-ке қарсылық таныту ел болашағына жасалған қиянат болар еді. Сондықтан, Қазақстанда АЭС салу – өмірлік мәселе екенін баршамыз ұғынуымыз қажет. Біз осындай тағдырлы мәселелерді келер ұрпақтың мойнына артып кетпей, дәл бүгін батыл, дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз», – деді Б.Керімбек.

Ал Руслан Қожасбаевтың сөзінше, атом электр стансалары тұрақты және болжамды электр энергиясын өндіруге қабілетті. Бұл – әсіресе, өнеркәсіп пен ірі қалалар үшін аса маңызды. Сонымен қатар уранның үлкен қорына ие Қазақстан көміртегі шығарындыларын барынша азайта отырып, энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандырудың тиімді және экологиялық таза тәсілі ретінде атом электр стансыларын пайдалана алады. Осылайша, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия көздері мен атом электр станцияларын дамытуды біріктіру оңтайлы стратегия болмақ.

Жиын барысында колледж ұжымы АЭС төңірегіндегі сауалдарына жауап тапқан соң, 6-қазанда ел болашағын жарық ететін жобаны қолдауға уағдаласты.

Ұстаздар таңдауы ғасыр жобасында

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Ғалиасқар Сарыбаев Қаратал ауданына атбасын бұрып, Қанабек ауылындағы К.Байсейітова атындағы орта мектеп ұжымымен кездесіп, Қазақстанның ғасыр жобасы саналатын АЭС төңірегінде әңгіме өрбітті. Спикердің сөзінше, электр қуатын өндіру тиімділігі жағынан жаңартылатын энергия көзін пайдалану диапазоны 20-40 пайыз аралығында болса, АЭС-тің тиімділігі 90 пайыздан жоғары екен. Қазіргі уақытта Қазақстанды энергия тапшылығынан АЭС қана құтқарады. Айтпақшы, мұндай тиімділік тіпті көмір генерациясында да жоқ екен.

«Сәулелі элементтен үрей көріп, қауіптілігін алға тартып жүрген отандастарымыз да бар. Бірақ, олар біраз жайдың астарына үңіліп отырған жоқ. Бір АЭС салып, Қазақстан энергиялық тапшылықты толықтай еңсеріп тастамайды. Атом электр стансысымен қатар баламалы энергия өндіруді де басты мақсат етеміз. Былай айтқанда, еліміздің болашағы АЭС-пен қатар жаңартылған энергия көздері симбиозына негізделмек», - деді Ғ.Сарыбаев.

 Мұнан соң штаб мүшесі АЭС-тегі қауіпсіздік жайын, Балқаш көлінің флорасы мен фаунасының ешқандай зиян шекпейтінін, қоршаған ортаны қорғау туралы мәселелерді тізбектеді. Айтуынша, 3 буынды реакторлы АЭС-терде ешқандай апат орын алмапты. Мұндай жоба әлемде қауіпсіздігін әлдеқашан дәлелдеген. Жиынға қатысушылар шара соңында болашақтың қуаты саналатын АЭС салуды қолдайтынын жеткізді.

Дәрігерлер ядролық физика мүмкіндігіне сенеді

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшесі Амангелді Толамисов Қаратал ауданына қарасты Бастөбе ауылының дәрігерлік амбулаториясының ақ халаттыларымен кездесті. Жиында спикер Қазақстанның ядролық физикасыз алға ілгерілемейтінін, қазірдің өзінде медицина саласында әсіресе, елімізде қауіпті ауруларды емдейтін препараттардың сәулелі элементтердің көмегімен өндіріліп жатқанын тілге тиек етті.

«Ядролық физикасыз медицинаның болашағы жоқ. Мұны баршамыз түсінуіміз керек. Шыны керек, ядролық физика қауіптен гөрі,  жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуге септесуде. Алматы қаласындағы Ядролық физика институты фармацевтикалық бұйымдар шығарады. Сол орталықта жұрт қауіпті деп білетін сәулелі элементтерден бірнеше дәрі өндіруде. Қазақстанда өндірілген өнімдер онкологиялық ауруларды емдеуде таптырмас дауа. Қазірдің өзінде институт қабырғасында шығарылған дәрмектер әлемнің 5 мемлекетіне экспортталуда. Осыдан кейін, сәулелі элементтер қауіпті деу қисынсыз», - деді А.Толамисов.

Спикер АЭС салудағы экономикалық мүмкіндіктерді тізбектей жөнелді. Айтуынша, бұрын Қазақстан ірі-ірі зауыттар саларда электр энергиясының мүмкіндігіне қарайлайтын. Ал АЭС салған соң, еш жалтақсыз өндірісті өрістетуге болады екен.

Амангелді Толамисов абзал жандарды экономикалық мүмкіндіктерге жол ашатын жобаны қолдауға шақырып, 6-қазанда дұрыс таңдау жасауға үндеді.

Экологиялық қауіпсіздік басты нысанада

Жуырда АЭС салуды қолдау жөніндегі Республикалық халықтық штаб мүшелері Ғалиасқар Сарыбаев және Болат Керімбек  Көксу ауданындағы политехникалық колледждің қызметкерлерімен кездесті. Келелі кездесуде штаб мүшелері жұртты толғандырған АЭС төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жауап беріп, алып-қашпа әңгіме өзегінде туындаған үрей бұлтын сейілтті.

Штаб мүшесінің сөзінше, 1 грамм уранның қуаты 100 тонна көмірді жаққанмен пара-пар. Ал одан шыққан қалдық та аз емес. Мәселен, қуаты 1 ГВт болатын АЭС-тен шамамен 50 шаршы метр радиоактивті қалдық шығады және қуаты 1-1,5 млн. халқы бар қаланы электр энергиясымен қамтамасыз ете алады. Бұл ретте қуаты дәл осындай жылу электр орталығы 200-300 мың тонна қалдық шығарады екен.

«Мамандар электр қуатын тұтыну көлемі жыл сайын 3 пайызға артып жатқанын дәйектеуде. Ал өзімізге мәлім электр қуатын өндіруде көмірдің рөлі басымырақ. Бүгінде электр қуатының 70 пайызы көмірден өндіріледі. Демек, ауаға тарайтын көмірқышқыл газының да үлесі артуда. Улы заттардың қосындысы қоршаған ортаға да кері әсерін тигізуде. Сондықтан, дамыған елдер жасыл энергия саналатын атом станциясының жұмысын жандандыруда. Атом энергетикасы қоршаған ортаға қолайлы, ел экономикасына тигізетін септігі мол сала. Соның негізінде Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жалпыхалықтық референдум арқылы маңызды таңдау жасау қажет», - деді Ғалиасқар Сарыбаев.

Кездесу соңында штаб мүшесі ұстаздарды 6 қазанда жарқын болашақ үшін дауыс беруге шақырды. Бүгін дұрыс шешім жасау арқылы ұлт болашағын қалыптасатынын жеткізді

Дамудың жаңа сатысына қадам

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері Арыстанғали Арын, Ришат Қожабек, Меруерт Күлшанова  Талдықорған қаласындағы №29 мектептің ұстаздарымен кездесті. Спикерлер н жасыл экономиканың локомотиві саналатын АЭС салудың артықшылығына, бұл реттегі еліміздің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиаланың төрағасы, Халықтық штаб мүшесі Қазақстан болашақта тек АЭС емес, баламалы энергия көздерін пайдалануға бет бұратынын жеткізді. Айтуынша, әлемде жаңартылатын энергия өндіруді 100 пайыз қолға алған мемлекет жоқ екен. Дамыған елдер энергетикалық мүмкіндігін АЭС-тен көріп отыр. Ал, Қазақстанда жаңартылатын энергияны игеруде өз технологиялық ерекшеліктері бар: олар күннің циклділігі, желдің жиілігі сында жағдайлар. Жыл мезгілдерінің де жағдайы ескерілуі керек. Көп жағдайда бұл жолмен энергия өндіру желдің соғуы мен күннің шығуы және батуына тікелей байланысты.

«Ұстаздар болашақтың тұлғасын тәрбиелейді. Ал біз сол ұрпақтың жарқын һәм кемеңгер елде өмір сүргенін қалаймыз. Ал, АЭС сол жарқын елді қалыптастыруға бағытталған қадам. Қазір АЭС салуға қарсы тарап бар. Олар әдетте атом электр стансыларынан бас тартып жатқан Германияның тәжірибесін алға тартады. Бұл жалғыз һәм дәйекті мысал. Бұл елде жаңартылатын энергия көзін пайдалануды 60 пайызға жеткізді де, АЭС-тен бас тартты. Дейтұрғанмен, көмір жағуды назардан шығарған жоқ. Мәселен, қыс мезгілінде энергия тұтыну көлемі артқан кезде көмір жағатын стансыларын консервациялайды. Осылайша қоршаған ортаны ластауда», - деді Арыстанғали Арын.

Штаб мүшесі сөзін қорытындылай келе еңбек ұжымын болашақты жарқын ету үшін 6 қазанда дауыс беруге шақырды.

Серіктес жаңалықтары