Аягөзде дене шынықтыру мұғалімі қарындасын зорлап келген деген күдікке ілінді (ВИДЕО)
Желіде Еркеназ есімді қыздың үндеуі пайда болды.
Аягөз қаласының жаңалықтарын тарататын жергілікті паблик жасөспірім қыздың видеосын жариялады. Онда қыз бала туысқан ағасы оны 11 жасынан бастап зорлағанын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Бетін жасырмаған жасөспірім қыз қай елді мекеннің тұрғыны екенін және аты-жөні кім екенін айтпаған. Бірақ, видеосында құзырлы органдар ісін қарамай жатқанын және оны туысқан ағасы, ауыл мектебінде дене шынықтырудан сабақ берген Еркебек Жұмаханов есімді адам зорлағанын айтып берген. Оның видеосына пікір қалдырғандар оқиға Абай облысы Аягөзге жақын Мәдениет ауылында болғанын жазған.
«Өз басымнан өткен жағдайды баяндап берейін. Мен 10 жылдан астам тұрмыстық зорлық- зомбылық көрдім. Менің туысқан ағам Еркебек Жұмаханов мен алты жаста болғанда өзінің жыныстық мүшесін көрсететін. Менің қалауымсыз түрлі порнографиялық фильмдер көрсететін және өзінің арам ісін мен 11-12 жаста болғанда алғаш рет істеп, 16 жасыма дейін жүзеге асырып келді. Мен құзырлы органдарға арыз жаздым. Біздің Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы заң болса да, неге әлі күнге дейін күшіне енбеген? Бір жылдың ішінде терегуімді дәлел шығып тұрса да, үш рет жауып тастады», - дейді жасөспірім қыз.
Оның айтуыша, Еркебек Жұмаханов өзі тұратын ауылдың мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ берген.
«Сол ауылдың, мектептің қыздарын жыныстық қатынасқа итермелеген. Ол қыздар бас тартқан, кейбіреуі «ұят» деп үндемей отыр. Мен бүкіл қыз-келіншетердің атынан сөйлеп отырмын. Тергеуден пайда болмаған соң өз құқығымды қорғау үшін Алматыда эфирге қатыстым. Бұл жайт кез келген қыздың басынан өтуі мүмкін, сол қыздарға сабақ болсын деп айтып отырмын. «Мені зорлады, бұл ұят» деп тұншығып отыруға болмайды. Зорланғанымызға біз емес, керісінше бізді зорлағандар ұялсын. Педофилдерге көмектесіп, қара көз қыздарды қарабет қылып отырған жоғары жақтағы адамдар ұялсын», - дейді өз сөзінде ол.
Ал, Абай облысы бойынша бала құқығы жөніндегі уәкіл Эльзира Жүнісова Аягөзде зардап шеккен Еркеназ есімді осы қызға психологтар көмектесіп жатқанын айтқан.
«Ақпарат алғаннан кейін бірден Еркеназбен кездесіп, содан бері байланыстамыз. Оның туған анасымен телефон арқылы сөйлестім. Еркеназға қазір психологтар көмектесіп жатыр. Колледж әкімшілігі жатақханадан бөлме берді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиевамен байланыстамыз, ол Бас прокуратураға тиісті өтініш жолдады», - деп хабарлаған Жүнісова.
Редакция осы қыз білім алған мектеп пен жергілікті полиция департаментінен қосымша ақпарат алады.