Ақын Аманқос Ершуовтың өлеңдері жинақталған бірнеше кітап жарық көрді
Ауылда тұрып, Алашқа белгілі болған белгілі ақын, ардақты ұстаз Аманқос Ершуовтың есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Қазақ поэзиясына 60-жылдары келген ақынның өлеңдері кең тынысты, қамтылар тақырып аясы кең. Сыршыл сезім, айшықты теңеулермен өрілген жырлардың өз оқырмандарына берері көп.
"Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар, Байқасақ, аспанда да алалық бар,Біреуде жас та болса даналық бар, Біреуде қарт та болса шалалық бар" атты бір шумақ өлеңімен 17 жасында танымал болған ақын болғанның осы бір шумақ өлеңі афоризмге айналып, бүгінгі күнде де ел аузында жүр.
Ақын Аманқос Ершуовтың 80 жылдығына орай ақынның қызы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершу әкесінің балаларға арналған өлеңдерін жинақтап ,"Қасиетті қазына", "Бармақбайдың басынан кешкендері", "Ақмешіт" атты үш кітабын дайындап, баспадан шығарды.
Аманқос Ершуовтың "Қасиетті қазына" кітабына жас ұрпақтың санасына ұлттық тәлім-тәрбие беріп, салт-дәстүріміз бен қазақ табиғатын өлеңмен ұғындырып, өлеңмен тәрбиелеу саласында жазған туындылары еніп отыр.
"Бармақбайдың басынан кешкендері" атты кітабында Аманқос Ершуов ауыл тақырыбы төңірегінде толғанып, балаларға төрт түлік мал ,ер қанаты — жылқыны, түйе мен сиыр, қой туралы жырлай отырып, ауыл өмірін, төрт түлік қасиетін алуан қырынан таныстыруды мақсат етеді. Сондай-ақ кітапқа ертегі-аңыздар, батырлық жырлары, жұмбақтар мен жаңылтпаштар енген.
"Ақмешіт" кітабына ақынның парасат биігіндегі поэмалары мен өнегелі эсселері топтастырылған. Балаларға базарлық боларлық осы үш кітаптың да тілі жеңіл, мән-мазмұнды тәлімдік дүниелер.
Аманқос Ершуовтың үш кітабының таныстырылымының модераторы — ақынның қызы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Маржан Аманқосқызы.