Талдықорғандағы Халықтық штаб мүшелері жұмысшыларымен кездесіп, АЭС салудың маңызын түсіндірді

Талдықорғандағы Халықтық штаб мүшелері жұмысшыларымен кездесіп, АЭС салудың маңызын түсіндірді
377

2021 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт атомды қолданып, электр энергиясын өндіру мүмкіндігін зерттеуді тапсырған болатын. Ал 2024 жылы Мемлекет басшысы өз Жолдауында АЭС салудың маңызына тоқталып, халықтық референдумның күнін белгіледі. Халықтық штаб атом энергетикасының пайдасы мен зиянын жан-жақты түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Осы мақсатта Талдықорған қаласында Халықтық штаб мүшелері  Мұстафа Хұсайын Дәуітұлы және Исаева Анар Досмұханқызы пәтер иелері кооперативі және мүлік иелерінің бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, пікір аласты.

«ХХ ғасырдың 70 жылдары АЭС-тер көптеп салына бастады. Чернобыль және Фукусимадағы апатты білеміз. Бұл екеуі де АЭС-тің екінші буыны, Чернобыльдегі апат адами фактор себебімен орын алды. Одан кейін буындар пайда болып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қазіргі реакторлар автоматтандырылған. Сейсмикалық тұрғыда 8-9 баллға дейін шыдайды», дейді "QAZAQSTAN Chernobyl ARDAGERLERI" Орталық Кеңес қауымдастығы" заңды тұлғалар қоғамының негізін қалаушы Мұстафа Хұсайын Дәуітұлы. 

Содан кейін "ИНФРАЭНЕРГО" ЖШС-нің еңбек ұжымымен кездесу барысында Халықтық штабтың мүшелері Котельникова Лариса Леонидовна,  Бигарова Сауле Тасқынбайқызы, Ибраимов Олжас Бекдаулетұлы тарихи оқиғаның маңыздылығы мен АЭС құрылысы мен атом энергетикасын дамыту перспективалары туралы жеткізді.

«Балқаш көлінің маңында құрылыс алаңын таңдау кеңестік кезеңнен бері қарастырылып, қазір ірі халықаралық ұйымдармен бірлесіп, кеңесу арқылы жүзеге асып жатыр. Оңтүстік аймақ елдегі ең ірі электр энергиясын тұтынушылардың бірі болып табылады, бірақ сонымен бірге өзінің генерациялау қуаты бойынша тапшы болып қала береді. Алматы облысында АЭС салу өңірді тұрақты және сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ете отырып, бұл тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өнеркәсіпті, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін болады», дейді штаб мүшесі Олжас Бекдаулетұлы. 

Айта кеткен жөн, АЭС салу кезінде сейсмикалық қауіпсіздік, су қоймасының орналасуы, желілер  мәселесі міндетті түрде ескеріледі.

Серіктес жаңалықтары