Көшпенділер ойындары: Ұлттық құрама қанша медаль еншіледі

Қазақстандық балуандар екінші жарыс күні 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді

Көшпенділер ойындары: Ұлттық құрама қанша медаль еншіледі
Фото: Туризм және спорт министрлігі
223

Қазақстан ұлттық құрамасы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының үшінші жарыс күнін 7 алтын, 7 күміс, 9 қола медальмен аяқтады, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының баспасөз қызметі. 

«Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда өткен Жамбы ату спортының түркі стилінен алтын жүлдені Ералхан Айкөз, ал қола жүлдені Айтбек Сарыбай жеңіп алды. Күміс жүлдені түркиялық Керем Игит еншіледі. Айта кетсек, жарыстың екінші күнінде ұлттық құраманың 3 спортшысы Азия стилінен жүлделі орындарға ие болған еді.

Аударыспақтан Сырым Ізбасаров (100 келі) моңғолиялық спортшы Ерболат Жеңісбекті жеңіп, алтын жүлде алды. 100 келіден жоғары салмақта Біржан Қосалиев Қырғызстан спортшысы Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсіп, алтын жүлдеге ие болды. Ал 90 келі салмақ дәрежесінде Есімхан Рахматіллә күміс жүлде еншіледі. Ол Қырғызстан спортшысы Ислам Бердібекуулынан жеңілді. Ұлттық құрама спортшылары аударыспақтан жалпы есепте 5 алтын, 1 күміс еншіледі.

«Арғымақ» ат спорты кешенінде дәстүрлі садақ атудан «Қалқан» нысанасынан өткен бәсекеде Ербол Тәпенов күміс жүлдеге, ал Қасымхан Қанат қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қасымханның Көшпенділер ойындарындағы екінші қола медалі. Екінші жарыс күнінде «Пута» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев алтын, Айкөркем Батихан қола жүлде алған болатын.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында қазақ күресінен ерлер мен әйелдердің әрқайсысы 4 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Қазақстандық балуандар екінші жарыс күні 4 алтын, 1 күміс, 2 қола жүлде иеленді. Әйелдер арасында Зарина Сарипова (65 келі) мен Роза Нысантайқызы (70 келі) алтын жүлде алды. Замзагул Файзолланова (77 келі) күміс жүлдеге, Альбина Бахиева (+77 келі) қола жүлдеге ие болды. Ерлер арасында Ерсұлтан Мұзаппаров (100 келі) пен Нұрдәулет Жарылғапов (+100 келі) алтын жүлде алды. Ерасыл Жанатаев (90 келі) қола жүлде еншіледі.

Қазақстандық балуандар қазақ күресінен барлығы 15 медаль: 12 алтын, 1 күміс, 2  қола иеленді. Айта кетсек, жарыстың бірінші күні бозкілемде күрескен 8 қазақстандық спортшының барлығы да жеңістің биік тұғырына көтерілген болатын.

«Алау» мұз айдыны сарайында өткен кураштан екінші жарыс күнінде 7 балуан жүлде алды. Ерлер арасында Ернұр Сүлейменов (60 келі), Айбек Қазақбаев (66 келі), Нұрдін Шаймерден (73 келі), әйелдер арасында Толғанай Абеуова (57 келі) күміс жүлдеге ие болды. Марат Нигматуллаев (60 келі) пен Әділет Ахметғали (73 келі), әйелдер арасында Алтынай Нұрханова (57 келі) қола жүлдеге ие болды. Осылайша, ұлттық құрама курашты 13 жүлдемен (1 алтын, 6 күміс, 6 қола) қорытындылады.

Саха халқының ұлттық спорты мас-рестлингтен ерлер арасында 105 келі салмақ дәрежесінде Еркебұлан Ерлан мен 75 келі салмақ дәрежесінде Ольга Душаева қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшылары Көшпенділер ойындарын 4 қоламен аяқтады.

«Қазанат» ипподромында өтіп жатқан көкпардан іріктеу кезеңінде Қазақстан АҚШ құрамасын 16:4 есебімен жеңді.

Асық ату мен бес асықтан Қазақстан құрамасы финалға шықты. Финалдық ойындар 11 қыркүйекте «Алау» мұз айдыны кешенінде өтеді.

Серіктес жаңалықтары