Қостанайлық тұрғын 50-ге жуық гүл қойылған ыдысты қиратып кеткен

Ол бірден төрт факт бойынша жазаға тартылады.

Қостанайлық тұрғын 50-ге жуық гүл қойылған ыдысты қиратып кеткен
Polisia.kz
292

Қостанайда полицейлер 50-ге жуық гүл отырғызылған ыдысты сындырған мас тұрғынды ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.

4 қыркүйек күні таңғы уақытта қала тұрғыны полицияға Абай – Павлов көшелерінің қиылысында арнайы ыдысқа отырғызылған гүлдерді лақтырған ер адам туралы хабарлады.

Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында жатқан 50-ге жуық ыдысқа отырғызылған сынған гүлдерді көрді. Күдікті 26 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты, оны полиция қызметкерлері келесі көшеде ұстады. Осы уақытқа дейін ол дүкенге кіріп, есікті әдейі зақымдап үлгерген.

Медициналық куәландыру арқылы оның «орташа дәрежеде» мас екені расталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол бірден төрт факт бойынша жазаға тартылады.

Қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін оған шамамен 19 мың теңге айыппұл салынды. Әр жағдай бойынша гүлзарлар мен дүкен есіктерін қасақана бүлдіргені үшін 73 мың теңге айыппұл арқалайды немесе он бес тәулікке дейін қамауға алынады. Сонымен қатар ол ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылады. Сот іс жүргізу шешімін қабылдайды.

Серіктес жаңалықтары