Қарағандыда алғашқы жайлы мектеп ашылды
Жайлы мектепке конкурс бойынша 150 мұғалім жұмысқа қабылданды.
Қарағандыда, «Кеңдала» шағын ауданында 1 қыркүйекте 2000 орынға есептелген алғашқы жайлы мектеп ашылды.
Бұл қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт мектептегі жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді. Бірінші кезекте мұнда Әлихан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің оқушылары көшіп келді. Ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қатысты.
– Бірінші қыркүйек – сіздерді жаңа білім әлеміне жетелейтін кезеңнің бастамасы. Білім мен ғылым – табысқа жетудің басты кілті. Жас ұрпаққа жайлы, сапалы білім беру үшін қолайлы жағдайлар жасау – біздің басты мақсатымыз. Осы жайлы мектептің қабырғасында сіздерді қызықты әрі әдемі болашақ күтіп тұрғанына сенімдімін! – деді аймақ басшысы.
– Мен сіздермен осындай ерекше күні бірге болғаныма өте қуаныштымын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша бастамашылық жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы апатты мектептерді жоюға, оқушы орындарының тапшылығын еңсеруге және жайлы білім беру процесін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті министр. – Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын.
Жайлы мектепке конкурс бойынша 150 мұғалім жұмысқа қабылданды.
Алғашқы күндерден бастап оқушылар мен педагогтар «Жайлы мектептер» ұлттық жобасының стандарттары бойынша жаңа форматтың артықшылықтарын бағалайды.
Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар мен спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Ыңғайлы және қауіпсіз болу үшін алты кіреберіс пен шығатын есіктер жасалды.
Кабинеттер мен зертханалар модификацияланған, ең заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жиһаз эргономикалық.
– Бізге оқу ыңғайлы әрі қызықты болуы үшін барлық жағдай жасалған. Маған әр қабатта коворкинг аймағының бары ұнайды. Мектепте төрт спорт залы бар. Бұл спортқа көп көңіл бөлінетінін білдіреді, – деп бөлісті оныншы сынып оқушысы Дина Жұмабай.