Шымкентте 367 млн теңге жымқырған шенеунік 9 жылға сотталды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Шымкентте 367 млн теңге жымқырған шенеунік 9 жылға сотталды
istockphoto.com
602

Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қалалық тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары М. және жеке кәсіпкер О.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шенеунік аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырғаны және қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны заңдастырғаны үшін айыпталған.

Сотта шенеуніктің Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшының орынбасары бола тұра, 2023 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмикалық тұрақтылығы бойынша техникалық зерттеу жүргізуге қатысты мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалмаған жұмыстарды және көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарына қатысты орындалмаған жұмыстарды қабылдап, бюджеттің жалпы 367 млн. теңгеден астам ақшаны жеке кәсіпкердің көмегімен жымқырғаны анықталды.

Жеке кәсіпкер О. басқа тұлғалардың атына тіркелген және тендерлер бойынша жеңімпаз болған ЖШС-тар арқылы ақша қаражатын алған.

Шенеунік М. өзінің ата-анасының атына тіркелген монша кешенін салуды ұйымдастырып, осы арқылы қылмыстық жолмен тапқан ақшаны заңдастырған.

Сотталушылардың кінәсі куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, жасырын тергеу әрекеттерімен, стенограммамен, сарапшылардың және мамандардың қорытындыларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.

Шенеунік те, оған ақшаны жымқыруға көмектескен жеке кәсіпкер де кінәлі деп танылып, шенеунік 9 жылға, жеке кәсіпкер 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

 

Серіктес жаңалықтары