Павлодар облысында төтенше жағдай жарияланбақ
Шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, жұмыртқалары, қабықтары табылды.
Павлодар облысында қарақұрттардың көбеюіне байланысты төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлады turkystan.kz сайты.
Облыстық ТЖД мәліметінше, 5 тамызда Баянауыл ұлттық табиғи паркінде қарақұрттардың пайда болуы туралы ақпараты бойынша Баянауыл ауданының әкімі Павлодар облысының табиғи паркі және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, қарақұрттардың мекендейтін жерлерін зерттеу үшін Торайғыр ауылына барды.
«Зерттеу барысында Торайғыр көлінің бойындағы шөптер мен өсімдіктердің арасынан қарақұрт өрмекшілері, жұмыртқалары, қабықтары табылды. Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысын өткізуге бастамашылық жасайтын болады», - делінген хабарламада.