Қазақстандық археологтар үйсін дәуіріне тиесілі қоныстың орнын анықтады

Ежелгі қоныстардың орналасқан жері табылды.

Қазақстандық археологтар үйсін дәуіріне тиесілі қоныстың орнын анықтады
Сурет: www.istockphoto.com
527

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологтары Алматы облысы аумағындағы сақ-үйсін кезеңіндегі елді мекендерді зерттеп, ежелгі қоныстардағы бірнеше тұрғын үйдің орнын анықтады, деп хабарлады turkystan.kz порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Ғылыми-зерттеу экспедициясы ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті ұсынған «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле ауданы, Тарбағатай және Алакөл алабы) мәдени мұрасын пәнаралық (археологиялық және тарихи-этнографиялық) зерттеу» жобасы аясында іске асырылды.

Жоба жетекшісі – PhD доктор Ринат Жұматаев. Сонымен қатар АҚШ археолог-ғалымы, профессор Клаудиа Чангтың (Claudia Chang) жетекшілігімен Белбұлақ қонысы зерттелді.

«Қоныс үйсін дәуіріне жатады. Биылғы далалық маусымда анықталған тұрғын үйлердің орындарын зерттеу нәтижесінде керамика сынықтары мен әр түрлі жануар сүйектері табылды. Пәнаралық зерттеу үшін арнайы сынама-үлгілер алынды. Зерттеуге университет оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Бұл қонысты зерттеу келесі далалық маусымда да жалғасады», - делінген ақпаратта.

Бұл халықаралық зерттеулер 2024 жылдың 24 маусымы мен 10 шілдесі аралығында жүзеге асырылды.

 

Серіктес жаңалықтары