187
Сена жағалауындағы сүргелең
Сена жағалауындағы сүргелең
Оны сыртынан «Француз Тэтчері» деп, кейде тіпті «Мадам Трамп» деп атайды. Ұлттық майдан партиясының тізгінін жеті жылдан бері уысынан шығармаған Марин Ле Пен ханым бұл лақап аттардың қайсысына болса да лайық. Өзі Трамп салған сүрлеумен жүретінін және Францияны Еуропалық одақтан шығаруға талпынатын ниеті барын жасырмайды. Егер «Брекситтен» кейін «Фрексит» жүзеге асса, бұл Ле Пеннің сайлауалды уәдесінің жүзеге асқаны болады.
Демократиялық сайлауларға төнген қауіп
Соңғы кезде Батыс елдеріндегі демократиялық сайлаулар бедерінен Ресей президенті Владимир Путиннің қолтаңбасын іздеу сәнге айналғандай. Былтырғы АҚШ президент сайлауы алдындағы науқан барысына Кремль араласты дегенге мұндағы сарапшылардың біразы иланады, себебі Федералды зерттеу бюросының бұлтартпас айғағы бар. Бұған қоса, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі бұл деректі растаған. Алда – Франция мен Германиядағы сайлаулар. Берлин әзірге дау-дамайдан аман сияқты, ал француз сайлаушылары президенттікке таласып жатқан беделді үміткерлердің кейбірінің шынымен Путинмен байланысы бар ма деген мәселеге бас қатыруға мәжбүр. Себебі бұл доданың бір емес, екі бірдей үміткері – Франсуа Фийон мен Марин Ле Пеннің екеуі де Кремльмен астыртын ауыз жаласқан деген күдік бар. Бірақ бұрынғы премьер-министр Франсуа Фийонның қаржылық жанжалға қатысты басы дауға ілігуі оның алдағы сайлауда жеңіске жету мүмкіндігін күрт азайтты. Фийон кезінде Парламент мүшесі қызметінде жүргенде, өз әйелі мен балаларын «жұмысқа алып», оларға өте жоғары жалақы төлеген. Қазынадан жеке пайдасына жұмсалған ақша бір миллион долларға жеткен деседі. Бұған дейін өзін барынша адал, қолы таза саясаткер ретінде танытқан Фийонның оңбай сүрінген тұсы осы болды. Француз сайлаушыларының билік басындағы шенеуніктерге деген сенімі бұрын да шатқаяқ еді, енді тіпті үміт қалмады деуге болар. «Transparency International» ұйымы былтыр жүргізген әлеуметтік сауалнама қорытындысы көрсеткеніндей, француздардың 54 пайызы өз еліндегі саяси элитаны сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан деп санайды екен. Сонымен Франсуа Фийон үміткерлердің алдыңғы қатарынан артқа ысырылуы Ле Пен сияқты саясаткерлердің алға ұмсынуына жол ашты. Ресейлік «Sputnik» және «Russia Today» ақпарат құралдары біраз жылдан бері кәрі құрлықта орыс және ағылшын тілдерінде хабар таратады. «Russia Today» телеарнасы Францияда алдағы уақытта француз тілінде ақпарат беруді жоспарлап отыр. Сондықтан Кремль насихаты кәрі құрлыққа сынамалап болса да еніп жатқаны анық. Бұл орайда, әсіресе, кейбір саясаткерлердің Ресейге іштартып, Кремльдің бүгінгі саясатын ақтауға тырысатыны құпия емес. Мысалы, президенттік доданың басты үміткерінің бірі Марин Ле Пен Қырымды Ресейдің құрамдас бөлігі санайтынын ашық айтты. Сондай-ақ ол Ресейге қарсы жарияланған экономикалық санкцияларды алып тастау керек деп санайды. Француз саяси элитасының арасындағы көзқарас алуандығы плюрализмнен гөрі идеологиялық қақтығыстарға ұқсап барады. Осы орайда, Францияның «Le Figaro» газеті Путинді француз интеллигенциясы арасына жік салып отыр деп айыптайды. Бұл басылым кезінде Брежневтің Францияны «16-шы совет республикасы» деп атағанын еске салады. Жалпы, советтік кезеңде француз зиялылары мен қаламгерлері Жид, Селин, Арагон, Сартр орыс жеріне арнайы саяхат жасады, өзінше ой түзді. «Орыс жанының жұмбағын» түсінуге ұмтылды. Бірақ бұл жұмбақтың шешімі әлі де табылған жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын Ресей төлқұжатын Путиннің қолынан алған атақты француз актері Жерар Депардьенің бір сұхбат кезінде айтқан сөзі еске түсіп отыр: «Мен Ресей үшін өмірімді қиюға дайынмын, себебі онда мықты адамдар өмір сүреді. Қазіргі Францияда ақымақ болып өлгім келмейді» деген екен. Өзгенікін таңсық көрген француздар шынымен де бұрынғы қағида-ережелерден жеріп, кешегі идеологиялық қарсыласын енді дос көре бастағандай.Еуропалық интеграцияға тықыр таяды ма?
Жиырма жеті мемлекеттің басын құраған еуропалық интеграциялық құрылым әу баста экономикалық мүддені көздегені белгілі. Яғни, кәрі құрлық ортақ экономикалық өрлеуді бастан кешіп, тұрғындарды табысты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, инновациялық даму жолына түсуі тиіс болатын. Екі мыңыншы жылдарға дейін осы үміт ақталғандай еді, Еуропалық одақ тиімді әрі сәтті эксперимент ретінде өзге аймақтық құрылымдарға үлгі санала бастаған. Бірақ соңғы онжылдықта жағдай күрт өзгерді. Бір ғана мысал. 2007-2017 жылдары еуропалық тұрғындардың орташа табыс деңгейі төмендеген. Еуропалық Орталық Банктің жыл басында жариялаған есебіне жүгінсек, соңғы жылдары кәрі құрлық тұрғындары кедейлене түсіпті, олардың көбісінде тұрмысы ұлттық өмір сүру стандартынан төмен саналатын адамдардың саны жалпы еуропалықтардың 8-20 пайызын құрайды. Яғни, кедейлер саны Австрияда 8 пайызға жетсе, Бельгия, Испания, Италия мен Латвияда 15-20 пайыз аралығында, ал Эстонияда 20 пайыздан да көп. Осылайша, еуропалықтар арасында теңсіздік көрсеткіші ұлғая түсті. Бұл дегеніңіз, соңғы он жылда әрбір еуропалық бақуатты тұрмыстың көзден бұл-бұл ұша бастағанын анық сезінді, жұмыссыздықтың көбеюі, экономикалық дағдарыс туралы ақпараттардың құрғақ дерек емес екеніне көздері жете бастады. Қалыпты экономикалық шарттардың өзгеруі бақуатты тұрмыс кешуге бой үйреткен еуропалықтардың арқасына аяздай батты. Кәрі құрлық тұрғындарының соңғы кезде скептицизм мен популизмге бой алдыруының басты себебі де осы сияқты. Немістің ойшылы К.Маркс осыдан бір жарым ғасыр бұрын айтып кетті емес пе: «Адамдардың сана-сезімі оларың тұрмысын емес, керісінше, қоғамдық тұрмыс олардың сана-сезімін билейді». Ал оның үстіне тұрмыс – өмір сүру стандарттары жоғары, жанға жайлы тұрмыс болса, одан бас тарту қиын-ақ... Еуропалық одақтың басына түскен қиындықтар құрылым басшылығы мен жетекші мемлекеттер президенттерінің саяси шешімдерінде көрінді. Әлбетте, бүкіләлемдік қаржылық дағдарыс пен кәрі құрлыққа қаптаған иммиграциялық толқынның салқыны қоса тиді. Бәлкім, расында, қазіргі еуропалық көшбасшылар тиімді саяси шешім қабылдауға қауқарсыз болған шығар, әлде тарихи өзгерістердің алдында олар дәрменсіз еді, әйтеуір, қарапайым еуропалықтар бүгінгі ауыртпашылықтардың бәрін іс басындағы саясаткерлерден көреді. Тізгін ұстаған басшылықтан жеріген халықтың назары ұлтшыл қозғалыстар мен патриоттық ұйым жетекшілеріне ауды. Осылайша, Еуропалық одақтың екінші ірі экономикасы – Францияда Ле Пен бастаған Ұлттық фронт партиясының беделі күрт арта бастады. Француздар осыдан он-он бес жыл бұрын құлаққа ілмейтін ұрандарға елтіп, әсіреұлтшылдарды билікке әкелуге әзір. Расында, Франциядағы алдағы президенттік сайлау бір елдің даму бағытына ғана емес, тұтас Еуропаның жақын болашақтағы тағдырына әсер ететін оқиға болғалы тұр. Себебі қазірдің өзінде бұл сайлауда көптің көңілінен шығатын бірыңғай үміткер жоқ, үміткерлердің қайсысының да артында «қоңырауы» бар. Қазіргі президент Франсуа Олланд осыдан бес жыл бұрын өзіне сеніп тапсырылған халық билігінің ықтиярын ақтай алмады, ол тіпті алдағы додадан бас тартуға мәжбүр болды. Ол ғана емес, бұған дейінгі екі президент пен екі бірдей премьер-министр сайлауалды науқанында бақ сынап көрмек еді, шешімді күнге үш ай қалғанда, додадан шықты. Енді анық үміткер ретінде билікке таласатын үш үміткердің қалуы Францияның алдағы тағдырына деген уайымды одан сайын күшейтті. Себебі енді Фрексит жүзеге асып, Француз республикасының Еуропалық одақ пен еуро аймағынан шығу қаупінің шындыққа айналуы әбден ықтимал.Брексит пен Трамп синдромы Францияда қайталана ма?
Марин Ле Пен – алдағы сайлауда жеңіске жетуден үмітті үшеудің бірі. Ол әкесі Жан-Мари Ле Пеннің саяси жолын жалғастырып, 2011 жылдан бері «Ұлттық майдан» партиясын басқарады. «Ұлттық майдан» – өткен ғасырдың жетпісінші жылдары консерваторлар, дәстүршіл бағытты қолдаушылар, ұлтшылдар мен фашистік көзқарас иелерінің бірігуінен пайда болған саяси партия. Бұған дейін саяси тартыстың ішінде болғанымен, жаппай халықтың қолдауына ие болған емес. Марин Ле Пен партия атынан 2012 жылғы президент сайлауына қатысқанымен, алғашқы турдан өте алмаған. Бірақ соңғы жылдары «Ұлттық майданның» үні қаттырақ шыға бастады. Оған себеп көп. Ең үлкен себеп, былтырғы оқиғалар – Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу туралы шешім қабылдауы және АҚШ-та Дональд Трамптың жеңіске жетуі француз ұлтшылдарын қанаттандыра түсті. Ле Пен ел ішіндегі жұмыссыздар мен тұрмысы төмен тұрғындардың, былайша айтқанда, жергілікті билікке және Еуропалық одаққа наразы топтардың қолдауына сүйеніп, популистік ұрандарын үдетті. Оны «Мадам Трамп» деп атауы тегін емес, себебі ол да Дональд Трамп сияқты ең әуелі Францияның ішкі мүдделері бірінші кезекте тұруы керек деп санайды және бұл жолда ғаламдық не аймақтық серіктестерімен санасудың қажеті жоқ деп біледі. Сол үшін ол президент бола қалған жағдайда бірден Еуропалық одақтан шығу туралы бүкілхалықтық референдум өткізуге уәде берді. Ле Пеннің сайлауалды бағдарламасының басты желісі – осы. Сөзбе-сөз келтірсек, ол: «Франция өзінің валюталық, заңнамалық, территориялық және экономикалық тәуелсіздігін қалпына келтіруі керек» деп пайымдайды. Еуро аймағынан шығу, франкты қайтадан ұлттық валюта ретінде айналымға енгізу, Шенген аймағынан шығып, шекаралық бақылауды күшейту – осы бағытта атқарылатын істер болмақ. Бұған қоса, ел аумағына кіргізілетін мигранттар санын жылына 200 мыңнан 10 мыңға дейін қысқарту, яғни иммиграцияны барынша шектеу. Тіпті, НАТО-ның әскери басқару құрамынан шығып, оның орнына төл қорғанысын күшейту, қорғаныс саласына бөлінетін шығын көлемін кем дегенде 3 пайызға көбейту. Мұның бәрі, шындығында, жаңа Ақ үй басшысының жария болған саяси шешімдеріне ұқсамай ма? Айтпақшы, Трамп демекші, Ле Пен өзінің АҚШ-тың жаңа президентімен тіл табысарына сенімді, онымен көзқарас ұқсастықтары бар екенін айтып қалған. Егер Ле Пен президенттіке сайланар болса, онда одан кейінгі парламенттік сайлауда, яғни 18 маусымда Ұлттық майдан партиясының заң шығарушы органда басым дауысқа ие болуына барын салатыны түсінікті. Ал қазіргі жағдайда Францияда Еуропалық одаққа деген көңіл-күй дәл Брекситтің алдындағы Ұлыбританияға ұқсайды: халықтың 55 пайызы одақ құрамында қалуды қолдаса, 45 пайызы Фрекситке дауыс беруі мүмкін. Ле Пен билік басына келер болса, онда елдегі қоғамдық пікірдің ауаны қалай құбылары беймәлім ғой. Бәрі де мүмкін...Ле Пен Кремльдің досы ма?
Әйтсе де, Ле Пеннің француздарға жақпайтын бір кілтипаны – оның Ресей басшылығымен астыртын байланысы бар деген сыбыс. Обалы нешік, «мадам Трамп» бұл желеудің шығуына өзі себепкер: ол Ресейдің сыртқы саясаттағы іс-әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеген. Бұл аз болғандай, 2014 жылы мәскеулік банк Ұлттық майданға 9 миллион еуро несие бергені жақында мәлім болды. Ал президент науқаны алдында Ле Пеннің өзі басқа ресейлік банктерден тағы бірнеше миллион сұраған деседі. Жалпы, Ле Пеннің партиясы қаржыдан қатты қысылатын сияқты. Еуропалық парламентпен арада қаржылық жанжалға қатысты басы дауға қалғаны тағы бар. Ле Пен – Еуропарламенттің мүшесі болғандықтан, оған Брюссель көмекші ұстауы үшін айына 24 164 еуро бөледі екен. Бірақ бұл көмекшілер Брюссельде тұруы тиіс және тек Еуроодақ бағдарламалары аясында жұмыс істеуі шарт. Ал Ле Пен бұл ақшаны түгел Ұлттық майданның сайлауалды шараларына жұмсап жіберген. Мұны білген Брюссель Ле Пеннен орынсыз жұмсалған қаржыны қайтаруды талап етіп отыр. Әңгіме 500 000 еуро шамасында. Мұндай қаражат Ле Пеннің қалтасында жоқ. Сондықтан ол қазір уақыт оздыру үшін Еуропалық одақтың өзін сотқа беріп, ақшаны қайтармаудың амалын іздеуде. Осындай жағдайда Ле Пеннің ресейлік банкирлермен неліктен жең ұшынан жалғасып жүргенінің себебін түсінуге болар. Саяси мақсатқа жету жолында кешегі идеологиялық қарсыластың ақшасымен болса да жеңіске жетуге ұмтылу керек. Оның үстіне, «дұшпаннан түк тартсаң да олжа» демей ме?! Әлде Ле Пен Кремльді жау емес, шынымен дос көре ме? Ле Пеннің ойында не бар екенін кім білсін, ал қазіргі Ресей басшылығы оны өзіне тиімді үміткер санайды және оның жеңіске жетуі үшін барынша қолдау білдіретіні даусыз. АҚШ-тағы өткен президент сайлауы мен қазіргі Франциядағы науқанның барысын зерделеген сарапшылар осындай тұжырымға келіп отыр. Бүгінде Дональд Трамптың жеңіске жету себебі – Хиллари Клинтонға қарсы жасалған шабуылдың кесірі екені дәлелденді. Ресей хакерлік ұйымдары Клинтон ханым мен оның партияластарының электронды пошталарына шабуыл жасап, ондағы бар мәліметті алып, сайлауға санаулы айлар қалғанда дүркін-дүркін жариялаумен болды. «Wikileaks» сайтында жарияланған сенсациялық деректерді америкалық журналистер іліп әкетіп, одан сайын отқа май құйды. Шындығында, АҚШ ақпарат құралдары тісқаққан саясаткерді әшкерелейтін кез келген деректі бірінші болып жариялауға, одан әрі таратуға, толықтыруға әрдайым дайын тұратыны белгілі. Бірақ Хиллари Клинтонға қарсы жасалған шабуыл оның беделін түсіріп, Дональд Трамптың мерейін үстем ететінін ол кезде ешкім ойлаған жоқ. Америкалық беделді газеттердің бірі «The New York Times» басылымы сайлаудан соң өздерінің «ресейлік арнайы қызмет органдарының көсеуіне айналғанын» мойындап жазды. Енді бармақ шайнағанмен не пайда, бүлінетін нәрсе бүлініп қойған, сайлау өтті – нәтижесі белгілі... Америкалық сайлаудың ащы сабағын енді түйсінген сарапшылар бірауыздан француз әріптестері мен журналистерін сақ болуға және барынша салқынқанды болуға шақырып отыр. Себебі бүгінде ресейлік хакерлер француз саясаткерлеріне, оның ішінде Ле Пеннің қарсыластарына қарсы кибершабуыл жасап жатыр деген дерек бар. Осы орайда, ақпан айында Францияның «Le Monde» газетінде жарияланған Нира Танденнің мақаласы айрықша көңіл аударуға тұрарлық. Танден ханым Америка өркендеу орталығы деп аталатын сарапшылар тобының президенті, былтырғы АҚШ президенті сайлауының басы-қасында болған мамандардың бірі. Ол «Франция – Владимир Путиннің келешек нысанасы ма?» деген мақаласында кибершабуылдардың сайлау нәтижесіне қалай әсер ететінін егжей-тегжейлі баяндайды. Хакерлердің шабуылынан соң көпшілікке жария болған электронды пошта мәліметтері мен жеке хат-хабарлардың ішінде Нира Танденнің деректері де болған екен. Сондықтан ол өз мақаласында: «АҚШ президенттік сайлау Кремльден бастау алған іштен іріту науқанының құрбанына айналды. Француз азаматтары енді өз демократияларының нәзіктігін сезінуі тиіс», – деп сақтыққа шақырады. Айтпақшы, Нира Танденнің айтуынша, француз арнайы қызмет органдарының қолында Ле Пенді Ресейдің қолдап отырғанын айғақтайтын деректер бар. Мысалы, Эммануэль Макронның электронды құжаттарын ұрлап алып, оны «WikiLeaks» арқылы жария етудің артында Ресей тұр. Бұл тәсіл Дональд Трамптың жеңіске жетуін оңайлату үшін Хиллари Клинтонға жасалған аса қуатты кибер шабуылға өте ұқсас.Ле Пенге француз сайлау жүйесі тосқауыл болады
Британдық «The Financial Times» газеті Ле Пеннің жеңіске жету мүмкіндігі өте аз деп санайды. Қазіргі француз сайлау заңдылығына сәйкес, болашақ президентті таңдау үшін француздар екі мәрте дауыс береді: әуелі 23 сәуірде, сосын 7 мамырда. Бірінші турда сайлаушылар өздері қалаған үміткерді қолдап, таңдау жасайды, екінші турда – қай үміткерге қарсы екенін байқатып, оның қарсыласына дауыс береді. Бұл екі сатылы сайлау жүйесі үміткерлерді іріктеу ісін барынша күрделендіреді әрі көпшіліктің көңілінен шықпайтын саясаткерді билікке жібермеу үшін таптырмас әдіс. Мысалы, егер Ұлыбританияда осындай сайлау жүйесі орнаған болса, онда Маргарет Тэтчер ешқашан премьерлікке сайланбаған болар еді деседі. Себебі сол кездегі қоғамда оған қарсылар көп болған, алайда тастүйін азшылық топ «Темір ханымның» билік басына келуіне жағдай жасады. Бәлкім, АҚШ-та екі сатылы дауыс беру механизмі енгізілген болса, онда бірінші турда Дональд Трамптың басымдыққа ие болғанын көрген америкалық сайлаушылар дереу ес жиып, екінші турда жаппай оның қарсыласына (ол кім болса да) дауыс берер ме еді... Француз сайлауының қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін бұған дейінгі тәжірибені баяндалық. 2002 жылы Марин Ле Пеннің әкесі Жан-Мари Ле Пен президенттік сайлаудың бірінші турында жеңіске жеткенде, француз қоғамы қатты үрікті. Үріккені соншама, бұған дейін түрлі үміткерлерді қолдаған сайлаушылардың бәрі бірдей Ле Пеннің қарсыласы Жак Ширакқа дауыс берді. Ақыры, Жак Ширак демократиялық мемлекеттер үшін сирек кездесетін жағдай – 82 пайызбен жеңіске жеткен. Сол кездің ұраны: «Фашистен гөрі алаяқ дұрыс» делінетін, бұл сөздің астарында айтылмайтын талай шындық жатыр. Иә, Франциядағы сайлау жүйесінің осындай ерекшелігі бар. Сондықтан қазір электораттың кемі үштен екісінің қолдауына ие делінетін Ле Пен бірінші турдан мерейі үстем шығып, екінші турға жетсе де, одан әрі оны жібермеске мүмкіндік бар. Еуропалық интеграцияны жоққа шығарып, ұлттық оқшаулану саясатын көздеген Ле Пен президенттікке сайланбасы үшін сайлаушылар бірауыздан екінші турда оның қарсыласына дауыс беруі әбден мүмкін деседі. Бұл кедергіден өтудің бір ғана амалы бар – ол үшін Ле Пен бірінші турдың өзінде басқа қарсыластарынан қара үзіп, барынша көбірек дауыс жинауы керек. Яғни, екінші турда тайталасқа түсетін қарсыласы оның шаңына да ілесе алмайтындай болуы тиіс.Атынан талайлар үріккен Ле Пен
Ле Пен президент болуы мүмкін бе? Кесіп айту қиын. Жалпы, былтырғы екі ірі оқиға – Брексит пен Трамптан кейін әлеуметтік сауалнамалар мен алдын-ала жасалған қоғамдық пікір зерттеулерінің қорытындысына сенуге болмайтыны түсінікті болды. Оның үстіне, демократиялық мемлекеттегі саяси тартысқа сыртқы күштер астыртын ықпал етіп, өз мүддесіне сай үміткерлерге барынша қолдау білдіріп жатса... Ал ресейлік пропаганда мен кибершабуылдардың АҚШ сайлауына араласқанын америкалық ұлттық зерттеу органдары растаған. Олардың бәрі бір-бірінен тәуелсіз зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды жасады. Егер Дональд Трамп америкалық қоғамның өз таңдауы болса, сайлау өтіп, ол президенттікке сайланған соң, мұндай мәлімдемелер жасаудың не қажеті бар? Кремль «америкалық сайлауға араласты» деген айыпты қанша жоққа шығарса да, уақыт өте «Трамп феноменінің» қайдан пайда болғаны түсінікті бола бастады. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деген мәтелді енді «Кремль болмаса Трамп президенттікке сайланбайды» деп өзгертіп айтса да жарасады... Мұндай жағдайда, енді Ле Пен Франция президенттігіне сайланбайды деп ешкім кепіл бере алмайды. Иә, бүгінгі француз қоғамындағы саяси пікірге сараптама жасағанда, ол сайлаушылардың 24-26 пайызының дауысына ие болуы кәдік. Бірақ соңғы кездегі оның қарсыластарына жасалған ақпараттық шабуылдардың артында ресейлік хакерлер тұр деген жорамал ашық айтылып жүр. Ал ресейлік «Russia Today» телеарнасы мен онлайн нұқсасы Ле Пеннің сайлауалды бағдарламасын жариялап, оның уәделерін еске салып, барынша насихатын күшейтуге үлес қосып жатыр. Рас, Брексит пен Трамптың президент болуы – Батыс саясаткерлері мен инвесторлары күтпеген, мүлде тосын оқиғалар болды. Әйткенмен, аспан айналып жерге түскен жоқ, Солтүстік Америка мен сарытіс Еуропа бұрынғы тәртіппен тіршілік етуге тырысып-ақ жатыр. Ұзақмерзімді салдары қандай боларын уақыт көрсетеді. Бірақ Франциядағы алдағы сайлауда Марин Ле Пен жеңіске жетсе, бұл – алдағы екеуінен де сорақы әрі салдары ауырырақ оқиға болады деседі. Себебі, біріншіден, Еуропалық одаққа аяусыз соққы беріледі – Францияның ұйым құрамынан шығуы еуропалық интеграцияның шаңырағын ортасына түсіруі мүмкін. Екіншіден, Франциядағы партиоттардың жеңісі басқа еуропалық елдердегі әсіреұлтшыл партиялардың бәсін тым көтеріп жібермек. Бұдан кейін кәрі құрлықта кері интеграция процесі іске қосылуы ықтимал. Сондықтан бүгінде Еуропаның болашағы мен Францияның тынышын ойлағандар бір ауыздан «Тек Ле Пен емес» деген тілек тілеуде. Обалы нешік, атының өзінен сонша ел үріккен «мадам Трамп» осал емес, расында.