Он саусағынан айырылған ісмер Оңдашбай

«Құдай қосқан қосағым – Қиғаш қиналған сәтте қасымда болды».

Он саусағынан айырылған ісмер Оңдашбай
Egemen.kz.
1303

Тағдыр тәлкегіне түскен кей адамдар барлығынан бас тартып, дүниеден баз кешеді. Мұндайда қайыспай қарсы тұра білетін жандар ғана ақыр соңында жеңіске жетеді. Бір ғана әлемге әйгілі – Николас Вуйчичтің өмір жолы көп жанға жігер сыйлайтындай-ақ. Ал біздің кейіпкер он саусағы болмаса да ат әбзелін, түлкі тымағын тігіп, қолөнермен айналысатын ісмердің нақ өзі. Иә, мұндай шебер – Қызылорда облысы, Қазалы ауданында тұрады.

Оңдашбай Өтеміс – Қазалы ауданынан 35 шақырым қашықтықта жатқан Абай ауылының тұрғыны. Жастайынан ел ішіне қолөнер шебері ретінде танылған ол жылдар өте келе нәпақасын айырып, отбасын асырап отырған он саусағынан айырылып қалады.

Өмір жолындағы есінен кетпейтін қиын сәтінің мән-жайын сұрауға тартынғанымызбен, атпал азамат барлығын өзі баяндап берді.

– Ауылдың баласы болған соң ес жиғаннан-ақ, ат жалын тартып мініп, қамшылай жөнелетінбіз. Қыстың бір суығында қасиетті жануардан оңбай құлағаным бар. Ауылдан ұзап кеткен соң көмек қолын созатын жан табылмай, суықта қалып қойдым. Кейін дәрігерлер үсік шалған он саусағымды кесіп тастауға тура келетінін айтты. Міне, осылай басқа салған қиын сәттен қашып құтылу мүмкін болмады, – дейді Оңдашбай шебер.

Жастайынан қолөнерге бейім адамның он саусағынан айырылып, «шолақ» деген қамытты киуі ауыр соққы болды. Бірақ өкініштен өзегі өртенген Оңдашбайдың басқа салған сынаққа қасқайып төтеп беріп, әрі қарай тігіншілік тіршілікке қайта оралғаннан басқа амалы жоқ. Себебі артында әкелеп отырған төрт баласы мен жұбайы Қиғаш бар еді.

«Құдай қосқан қосағым – Қиғаш қиналған сәтте қасымда болды. Күн-түн демей, қолдау көрсетіп, қайта аяққа тұруым үшін барын салды. Уақыт емші ғой. Кейін іштегі қорқынышым да сейіліп, қарап отыруға болмайтынын түсіндім. Сөйтіп, ескі кәсібіме қайта ден қойдым», – дейді төрт баланың әкесі.

Есімі ел ішіне бұрыннан таныс оның ісмерлігін жұрт жақсы біледі. Туған-туыс, көрші-қолаң қолдау көрсетіп, сөз демеуін аямады. Осылайша, тігін мәшинесін қолға Оңдашбай ел керегіне қайта жарайды.

Ал шын кәсіпке ден қоямын деген жанға мемлекеттік бағдарламалар да аз емес. «Бизнестің жол картасы – 2020» аясында қайтарымсыз грантқа қол жеткізген Оңдашбай 900 мың теңгеге өндірістік тігін машинасын сатып алды. Тапсырысы күннен-күнге артқан шебер қазір тымақ, көрпе, масахана, перде, құлақшын тігеді. Ол аз десеңіз, ау да тоқиды, киіз үйге қажетті жарақтарды да дайындайды. Бұрын тек ауылдағыларды ғана қажетті жабдықпен қамтамасыз еткен болса, бүгінде аудан орталықтарынан да тапсырыстар толассыз түсіп тұратын көрінеді.

Асан қайғы «аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтып күн көрер?» дегендей, тереңінен толғамасақ та, он саусағы болмаса да күн көріп, отбасын асырап, кәсібін дөңгелетіп отырған Оңдашбайдың бұл ерлігі көпке үлгі боларлықтай-ақ...

Абзал ЖОЛТЕРЕК

Серіктес жаңалықтары