Бірыңғай тамақтану стандартын енгізу ұсынылды
«AMANAT» партиясының әйелдер қанаты мен Парламентаризм институты мектеп пен балабақшада салауатты және теңдестірілген тамақтану стандарттарын енгізуді ұсынды.
Балаларды қорғау күні қарсаңында «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Парламентаризм институтымен бірлесіп, мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде дұрыс тамақтану мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өткізді. Жиынға қатысушылар ғылыми ұсыныстарға негізделген мектептегі тамақтану стандарттарын енгізудің пайдасына тоқталды.
Жиын модераторы, Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова оқушылардың сапалы және теңгерімді тамақтануға қол жеткізу үшін ғылыми ұсынымдарға негізделген стандарттарды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
– Мұғалімдер мен ата-аналарды, балаларды дұрыс тамақтану негіздеріне оқыту және тамақтану әдеттерін қалыптастыру жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеу – маңызды шешімдердің бірі. Бұл дені сау ұлтты қалыптастыруға және келешек ұрпақтың салауатты өмір сүруіне ықпал етеді, – деді Ж.Сүлейменова.
Парламентаризм институты директорының орынбасары Ләззат Сүлеймен дөңгелек үстелдің мақсаты мектеп оқушыларын дұрыс тамақтандырудың проблемалық мәселелерін талқылау ғана емес, сонымен қатар білім беру мекемелерінде балалардың тамақтануын жақсартуға көмектесетін практикалық ұсыныстар әзірлеу екенін тілге тиек етті.
«AMANAT» партиясының Хатшысы – Әйелдер қанаты төрағасы Шолпан Каринова 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап аз қамтылған отбасылардан шыққан 1,5 миллионнан астам оқушыға, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану ұйымдастырылғанын жеткізді.
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және «Ұлттық салауатты тамақтану орталығының» 2023 жылғы зерттеулері Қазақстанда энергия мен қоректік заттарды тұтыну нормалары халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін және қазақстандық тағамдардағы тұз бен қант мөлшері халықаралық нормалардан асып түсетінін көрсетті.
– Бұл артық салмақ пен семіздікке шалдыққан балалар санының өсуіне әкеледі (18 пайыз), сондай-ақ олардың денсаулығы мен болашағына теріс әсер етеді. Мектеп оқушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, жартысынан көбі мектеп мәзіріне қанағаттанған, ал 21 пайызы тамақты ұнатпайды немесе мектеп асханасында мүлдем тамақтанбайды. Мұндай зерттеулер мектептегі тамақтанудағы проблемалардың терең екенін түсінуге көмектеседі, – деп атап өтті Ш.Каринова.
Жиынға Парламент Мәжілісінің және Астана қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының, Оқу-ағарту министрлігінің, Қазақ тамақтану академиясының, Ұлттық салауатты тамақтану орталығының, Астана медицина университетінің, ҚазАТУ өкілдері мен мектеп директорлары, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсынымдар уәкілетті мемлекеттік органдар мен Парламентке жіберілетін болады.