«Саңырау күйде»: Отарда комаға түскен сарбаз өз-өзіне келді
Әкесі қиын сәтте отбасын қолдаған дәрігерлерге және барлық қазақстандықтарға алғысын білдірді.
Жамбыл облысында әскерде жүріп комаға түскен 19 жастағы сарбаз есін жиды. Бұл туралы сарбаздың әкесі Тимур Жаналин өзінің Instagram парақшасында жариялады.
Ол қиын сәтте дәрігерлерге және барлық қазақстандықтарға отбасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
«Біз сіздерге ұлымыздың комадан шыққаны туралы қуанышты жаңалықты жеткізуге асықпыз! Қазір дәрігерлер айтқандай, ол саңырау күйде. Бізді таниды, бұрын жасалған трахиостомияға байланысты әлі сөйлей алмайды. Бірақ жағдайы ауыр, диализ жасалады, ол шамамен 6-8 сағатты алады. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасады, бұл үшін оларға ерекше алғыс айтамыз», - деді Тимур Жаналин.
Еске салсақ, Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түскен болатын. Оқиға 9 маусым күні болған. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі сарбаздың жағдайы ауыр екенін мәлімдеген.
«Науқас 9 маусым күні Гвардейск әскери госпиталінен жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Қордай орталық аудандық ауруханасына «полисегментальды пневмония» диагнозымен жатқызылды. Оң жақта плеврит. 3-4 дәрежелі жұқпалы токсикалық шок. Сепсис. Мидың гипоксиялық ісінуі, церебральды кома 2-3. ДВС синдромы. Науқас клиникалық өлімді бастан кешкен. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы өте ауыр, көптеген мүшелер жеткіліксіздігі байқалады. Атап айтқанда, тыныс алу, жүрек, бауыр, церебральды және инфекциялық токсикалық шок белгілері бар. Гемофильтрация және дәрі-дәрмекпен емделеді», - делінген хабарламада.
Президент сарбаздың комаға түсуіне қатысты мән-жайды зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті.
Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Гвардейск гарнизонында ауруханада жатқан сарбаздың жағдайына орай ресми мәлімдеме жасады.