Елордалық полиция департаменті көлік жүргізушілеріне үндеу жасады. Ведомствоның ақпаратынша, жүргізушілерге қаланың кейбір көшелерінде автобус жолағына шығып, жол қозғалысын жалғастыруға уақытша рұқсат етілді.
«Елорданың магистральдық көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары – көлік жолының бойына асфальт төселіп, жол белгілері қойылып жатқандықтан, автокөліктердің қозғалысы уақытша шектеледі. Осылайша көлік жүктемесін төмендету мақсатында биыл 19 маусым мен 1 шілде аралығында Ш.Бейсекова, Ш. Айтматов көшелерінің бойында Ш. Қосшығұлұлы көшесінен Ж. Молдағалиев көшесіне дейін «Сергек» камераларымен автобус жолақтары бойынша қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды», - делінген хабарламада.
Полицейлер елорда жолдарындағы жоспарланған өзгерістерге түсіністікпен қарауға шақырды.
«Өз қауіпсіздігіңіз үшін жылдамдық режимін сақтауды және көшелердің жабық учаскелерін ескеріп, өз бағытыңызды алдын ала жоспарлауды сұраймыз», - деп жазды ведомство баспасөз қызметінің өкілдері.