ҰБТ-2024: Талапкерлерден грант конкурсына өтініш қабылдау қашан басталады?

Талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады.

ҰБТ-2024: Талапкерлерден грант конкурсына өтініш қабылдау қашан басталады?
istockphoto.com

Негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесі бойынша талапкерлерден грантқа құжат 13-20 шілде аралығында қабылданады, деп хабарлады turkystan.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

«Талапкерлер өтінішін EGov арқылы онлайн форматта немесе ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары арқылы офлайн форматта тапсыра алады. Құжаттарды қабылдау кез келген ЖОО (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады. Шалғай өңірлерден келген талапкерлерге ыңғайлы болу үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында Виртуалды қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Олар бейнебайланыс арқылы кеңес береді және конкурсқа құжаттарды тапсыруға көмектеседі. Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ең төменгі ұпайлар Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жазылған», — деп мәлім етті  Агенттік тілшісінің сауалына орай Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінен. 

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге мына құжаттар қажет:

1. жеке куәлік;

2. ҰБТ сертификаты;

3. 3×4 көлеміндегі фото;

4. орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);

5. № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;

6. ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;

7. жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.