Мансұр Ошырбаев: Қоқыс қалдықтарын өңдеу – басты назарда

Біз Еуропа мемлекеттеріндегі қоқысты сұрыптау ісіне қарап, таңғаламыз. Біздің олардан қай жеріміз кем?

Мансұр Ошырбаев: Қоқыс қалдықтарын өңдеу – басты назарда
ашық дереккөз

Жыл басында белгілі болғандай, елімізде қоқысты қайта өңдеу жобаларын іске асыруға 200 млрд теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ аймақтарда 37 қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарланып. Бұл күндері Алматы қаласында өтіп жатқан Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі Орталық Азия конференциясында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошырбаев қазірдің өзінде бес аймақта зауыттар салу ісі қола алынғанын айтты.

«Бұл мәселе – біздің назарымызда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне қарасты «Ғарыш сапары» ұлттық компаниясының ғарыштық түсірілімі арқылы мониторинг жүргізіп, бізге ел аумағындағы қоқыс орындары туралы  мәліметтер беріп отырады. Біз сол деректерге талдау жүргізіп, әкімдіктерге жібереміз. Олар сол мәліметке сүйеніп, қызу жұмысты бастап кетті. Негізі, ол қоқыс орындары болмауға тиіс. Сол үшін министрлік осы мәселені Үкіметте талқыға салып, нәтижесінде шамамен 200 млрд теңге қаражат бөлінді», – дейді М. Ошырбаев.

Вице-премьердің айтуынша, алдағы уақытта экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған көп жұмыс жасалынады.

«Алдағы уақытта контейнерлер сатып алынады. Олар «сөйлейтін» контейнер болуға тиіс. Ол дегеніміз не? Оның сыртында «Сен маған шыны сал», «Сен маған қағаз сал», «Сен маған пластик сал» деген жазу болуға тиіс. Оны көрген халық пакетіндегі аралас қоқысты бөлек контейнерге салатын болады. Халықты осылай хабардар етуіміз керек. Жастарымызды бұған баулуымыз керек. Себебі олар – қазіргідей технология дамыған заманда бәрінен хабардар болып отырады. Әлеуметтік желіні көп қолданатын оларға ақпарат таратуда Білім және ғылым министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің де рөлі зор», – дейді вице-министр.

Сонымен қатар, ол қоқыс өңдеу ісіне кез келген тұрғын араласа алатынын баса айтты.

«Мұнда бәрін бір контейнерге тастаудан бөлек, бір көлікке тиеудің де зияны бар. Себебі бүкіл қоқысты бір көлікке жинайтын болсаңыз, былғанып қалады. Ол ол қалдықты қайта өңдеу қиынға соғады. Ал бізде қайталама шикізат жоқтың қасы. Ал мұны өндіру – кәсіптің бір түрі. Қазір бізде осы бағыт бойынша «Экоқолдау» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Көлігі бар, бірақ жұмысы жоқ қарапайым тұрғынның қоқыс сұрыптаушы, қоқыс жеткізуші әрі қоқыс өңдеуші ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі бар. Қазір бес аймақта инвесторлар табылып, қоқыс сұрыптау және оны өңдеумен айналысатын зауыттар салынғалы жатыр. Барлық аймақта сондай зауыттар салынса, бізде қайталама шикізат көлемі арта түспек. Оған қоса, жергілікті халық та жұмыспен қамтамасыз етіледі. Ал бұл экономикамыздың қарқынды дамуына ықпал етеді. Біз Еуропа мемлекеттеріндегі қоқысты сұрыптау ісіне қарап, таңғаламыз. Біздің олардан қай жеріміз кем? Біз де солай істей аламыз. Бастысы – мақсатымыз айқын. Үш жылдың ішінде зауыттар толығымен салынса, барлығы жақсы болатыны анық» – дейді вице-министр.