Қостанайда ҚТЖ лауазымды тұлғалары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Бейімбет Майлин ауданының соты «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС филиалының Қостанай пайдалану локомотив депосының бастығы А. Махмутовқа, оның орынбасары Ж. Сырмановқа, жылу технигі Б.Серікұлына және «Қазақстан-ОЭК» СҮ» ЖШС Тобыл станциясының отын қоймасының бастығы К. Елюсиновқа қатысты үкім жариялады», - делінген Антикордың хабарламасында.
Олар ҚТЖ дизель отынын және теміржол кранын жөндеуге бөлінген қаражатты жалпы сомасы 12 млн теңгеге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.
Махмұтов, Сырманов, Елюсинов 3 жылдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айыруға, Серікұлы 3 жылға бас бостандығынан шектеуге сотталды. Сонымен қатар, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.