Париж төрінде «Қазақ ауылы» ашылды
Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Париждің 17-ші округінің мэрі Жоффруа Булар, Францияда аккредиттелген Орта Азия елдерінің елшілері және де басқа дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, сондай-ақ көптеген қазақ диаспорасының, қоғамдық топтардың өкілдері қатысты.
Париждің 17-ші округі мэриясының қолдауымен Қазақстан Елшілігі «QazElles» Франциядағы қазақстандық әйелдер қауымдастығымен бірлесіп француз елордасының төрінде киелі шаңырағымыз киіз үйді құрып, қала тұрғындары мен қонақтарына «Қазақ ауылы/Village kazakh» есігін айқара ашты, деп хабарлады turkystan.kz.
Аталған іс-шара осы жазда Парижде өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындары қарсаңында елімізді және ұлттық мәдениетімізді кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қазақ этноауылына келген қонақтар екі күн бойы дәстүрлі киіз үй жасаудың тарихымен, ұлттық нақыштағы заманауи қолөнер шеберлерінің тұрмыс салт бұйымдарымен және француз тіліндегі ұлы ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларымен танысты. Сонымен бірге француз фотографы Л. Лагардың еліміздің табиғи әрі көрікті жерлеріне арналған фотокөрме ұйымдастырылды.
«Қазақ ауылын» тамашалауға жиналған жұртшылықты Парижге арнайы келген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының әртістері Р. Оразбаева, В. Табыс және Р. Мақымов күміс күй мен асқақ әнмен тамсандырды. Табиғаттың шексіз сұлулығы, көшпелі халықтың бостандық рухы мен даналығы толысқан Ұлы даланың музыкасы көрермендерді бей-жай қалдырмады.
Француздар және әлемнің әр түпкірінен келген саяхатшылар қазақстандық тағамдардан – қазы, қуырдақ, құрт, жент және де басқа өнімдерден дәм татты.
Береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың белгісіндей болған Этноауыл екі мемлекет арасындағы достықты дәріптеуге өз үлесін қосты.