Астана мен Алматыдағы әуежайда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Таяуда 1 мамырдан бастап Қазақстанның барлық әуежайында вокзал маңындағы алаңдарда, паркингтерде және жолаушылар терминалдарында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша қосымша шаралар енгізілетіні белгілі болды.

Астана мен Алматыдағы әуежайда қауіпсіздік шаралары күшейтілді
abilet.kz

Астана халықаралық әуежайы авиациялық қауіпсіздік қызметінің күшейтілген режиміне көшуіне байланысты мәлімдеме жасады.

«ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің жарлығына сәйкес, Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметі күшейтілген режимге көшеді. Осыған орай елорда әуежайының халықаралық (Т1) және ішкі ұшулар (Т2) терминалдарының кіреберісіне (бірінші линиялары) тексеру аппараттары орнатылды», - делінген хабарламада.

Астана халықаралық әуежайы арқылы ұшу/ұшып келуді жоспарлаған жолаушылар мен шығарып салушылардан тексерістен өтер кезде әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің талаптарына құлақ асуды және бұлжытпай орындауды сұрайды.

Сондай-ақ, Алматы халықаралық әуежайында авиациялық қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында бірінші тексеру желісі орнатылғанын айтты.

«Тексерістен өту процедуралары қосымша уақыт қажет ететінін ескере отырып, жолаушылардан әуежайға ертерек келуді сұраймыз. Терминалға кіре берісте жолаушылар мен қол жүгін тексеру үшін қосымша бес тексеру пункті (рентген-теледидар құрылғылары, аркалы металл детекторлар) орнатылды. Бұл шара уәкілетті органның ерекше өкімі бойынша қолданылады», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, таяуда 1 мамырдан бастап Қазақстанның барлық әуежайында вокзал маңындағы алаңдарда, паркингтерде және жолаушылар терминалдарында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша қосымша шаралар енгізілетіні белгілі болды.