«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу»
«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы жиынға Ассамблеядан Парламент Сенатына сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ ұйымның өңірлердегі делегаттары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Президенттің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясы өтті. «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы жиынға Ассамблеядан Парламент Сенатына сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сондай-ақ ұйымның өңірлердегі делегаттары бейнебайланыс арқылы қатысты.
Президент, ең алдымен, еліміздің бірнеше аймағындағы табиғат апаты салдарын еңсеру үшін жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, су тасқыны басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қалмай, белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мұның бәрі өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі екенін айтты.
– Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен – жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1 500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ассамблея кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес екеніне тоқталған Мемлекет басшысы бүгінде бұл құрылым конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган екенін баса айтты.
Президент түрлі сын-қатерге қарамастан, еліміз стратегиялық мақсат-міндеттерінен айнымайтынына назар аударды. Оның айтуынша, аз уақыт ішінде жүргізілген саяси реформалар нәтижесінде биліктің барлық тармағы адамның заңды мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға және оны ілгерілетуге негізделген жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады. Ендігі міндет – әділдік, инклюзивтілік, прагматизм қағидаларына негізделген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа экономика үлгісіне көшу.
– Еліміз қарқынды дамуы үшін ондаған жыл бойы қордалаған көптеген мәселені шешуіміз қажет. Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің берік тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз. Дәл сол себепті Ассамблеяның бүгінгі сессиясы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталды. Сіздер мұның өзекті екенін түсінесіздер деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясының ғана емес, барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіреді, – деді Президент.
Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бірнеше өзекті міндетке арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет деп санайды.
– Ұлы істер шағын әрекеттерден басталады. Сол сияқты кішігірім қадамдар ауқымды өзгерістерге жол ашады. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы жақсарса, тұтас қоғам жақсарады. Мақсат-мұраты биік болса, елдің рухы да биік болады. «Адал азамат» болу аса маңызды. Бір сөзбен айтсақ, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент бүгінде жаһандық катаклизм белең алып, түрлі мемлекеттер арасында әскери-саяси, сауда-экономикалық текетірес, тіпті мәдени-гуманитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды екенін айтты.
– Барша адамзат өзара диалог орнатып, күш біріктіру арқылы ғана халықаралық қатынас саласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады. Жер жүзінде бәрімізді алаңдататын түрлі оқиғалар болып жатыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ниетіміз де бір болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімді екенін айтты.
– Бүгін біз өз бетінше қазақ тілін жетік меңгеріп, оны қоғамда кеңінен насихаттап жүрген азаматтарды марапаттаймыз. Бұл өте пайдалы әрі саяси тұрғыдан маңызды жұмыс деп ойлаймын. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Қазақстан – қазақ тілі мемлекеттік тіл саналатын көп тілді ел, болашақта да солай бола береді. Бұл – біз үшін орасан зор басымдық, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту мәселесіне арнайы тоқталып, Ұйымның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысу, этно-әлеуметтік шиеленіс ошақтарын анықтау және ондай оқиғалардың алдын алуға баса мән беру, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндетін жүктеді.
– Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңесі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түскен абзал. Министрліктер және әкімдіктер олардың қызметіне қолдау көрсетуі қажет. Арнайы гранттар бөліп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар беруі керек, – деді Президент.
Келер жылы Ассамблеяның отыз жылдығын атап өтетінімізді айтқан Мемлекет басшысы бұл саяси тұрғыдан өте маңызды шара екеніне тоқталды.
– Аталған мерейтойға тыңғылықты дайындалу керек. Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты, – деді Президент.
– Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейді. Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек. Мен үнемі айтып жүретін «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағида бүкіл әлемге ортақ. Ол БҰҰ-ға тиесілі. Мен мемлекеттік саясат пен қоғамдық қызметтің этносаралық қатынас саласына қатысты негізгі міндеттерін атап өттім. Соның бәрі біздің күнделікті жұмысымызға арқау болуы керек, – деді Прзидент.
Қазіргідей күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау басты міндет екенін айтқан Президент қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоятынымызды айтты.
– Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет. Жұртымыз ел тағдыры сынға түскен сәтте қайсарлық танытып, ынтымағын сақтай білген. Жанашырлық, тілеулестік сияқты адами қасиеттерді бәрінен биік қойған, – деді Президент.
Сонымен қатар тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтеретінін, жол салынып, су тартылатынын, ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болатынын айтты.
Мемлекет басшысы сөз аяғында еліміз соңғы жылдары аса күрделі сынақтардың тағы бір тарихи кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиындықтың бәрін жеңетінімізге, шынығып, ширап, бұрынғыдан да мықты болып шығатынымызға сенім білдірді.
– Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін
қорғауды Президент ретіндегі ең басты міндетім деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты жиында Республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Шин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Тимур Жұмырбаев, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» ұйымы өкілдігінің төрағасы Александр Урмашов, Жетісу облысындағы Достық үйінің директоры Руфина Усанова сөз сөйледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен халықтар арасында бейбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, мемлекеттік тілді дамытуға сiңiрген еңбегi үшiн бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды.
Атап айтқанда, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Астана қаласы Қайырбеков атындағы №2 мектеп мұғалімі Елизавета Шнайдер, «Ел бірлігі» орденімен «Қазақстан украиндарының радасы» бірлестігінің төрағасы Юрий Тимощенко, мемлекет және қоғам қайраткері Мурат Ахмадиев, «Дустлик» Қазақстан өзбектерінің этномәдени қауымдастығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Степногорск балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқытушысы Николай Дураченко, Атырау қалалық №3 мектеп-гимназиясының мұғалімі Татьяна Любина, «Шапағат» медалімен Өскемен металлургия кешені Мырыш зауытының күйдірушісі Сергей Панасюк, Ұлытау облысы Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының аккомпаниаторы Аркадий Побединский, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімше командирі Кирилл Пономаренко, Ақмола облысы Арайлы ауылы орта мектебінің мұғалімі Анастасия Ирубаева марапатталды.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облысы ғылыми-эксперттік тобының төрағасы Нелли Краснобаеваға, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» өкілдігінің төрағасы Александр Урмашовқа, Жетісу облысы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Руфина Усановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.