Шымкентте өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды

Нәресте ішкі ағзасының ақауынан тіпті ана сүтін еме алмаған.

Шымкентте өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды
Сурет: el.kz
692

Шымкент қалалық перинаталдық орталығында МӘМС есебінен өңеші бітеу туылған сәбиге күрделі ота жасалды, деп хабарлады turkystan.kz порталы otyrar.kz сайтына сілтеме жасап

Білікті дәрігерлер құрамы өміріне қауіп төнген шақалаққа шұғыл түрде неонаталдық хирургиялық көмек көрсету шешімін қабылдайды. Нәтижесінде ота сәтті өтіп, бала анасымен жалпы палатаға ауыстырылған. Алдағы уақытта нәресте дәрігерлердің бақылауында болады.

– Жыл басынан бері қалалық перинаталдық орталығының жансақтау бөлімі базасында неонаталдық хирургиялық операциялар жүргізіле бастады. Соның арқасында ішкі ағзаларының ақауымен туылатын нәрестелерге күрделі ота түрлері өзімізде жасалуда. Бұған дейін түрлі патологиялары бар балаларды мамандандырылған ауруханаға жолдайтынбыз. Өйткені перзентханада ондай медициналық көмек көрсетілмейтін, - дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің неонаталды ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Будукова.

Жаңа туылған нәрестелерге реанимациялық және қарқынды терапия қызметін көрсететін бөлімшеде неонаталдық хирург, анестезиолог-реаниматолог және неонатолог-реаниматолог дәрігерлері жұмылдырылған. Перзентханада сондай-ақ асқазан-ішек жолдарына ота жасалған балаларға күтім жасауға да ерекше көңіл бөлінген. Жыл басынан бері мұнда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде неонаталды хирургиялық көмек 21 балаға көрсетілген.

Серіктес жаңалықтары