Алматы облысындағы мектепте 5 оқушы уланып қалды

Оқиға Талғар ауданына қарасты Жалқамыс ауылында болған.

Алматы облысындағы мектепте 5 оқушы уланып қалды
Pixabay

Алматы облысында оқу жылының аяқталғанын күтпей мектепте сырлау жұмысы жүріп, оқушыларға кесірі тиді. Бояудың иісіне 5 бала уланып, 2 жеткіншек ауруханаға түсті, деп хабарлады turkystan.kz Алматы арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Талғар ауданына қарасты Жалқамыс ауылында болған. Анықталғандай, білім ордасында табан асты еден сырлап, қабырға бояуды ауысып келгеніне 1 аптадай ғана болған директор тапсырған.

«Жұма күні жұмыс аяқталғаннан кейін, балалар тараған соң, жуып-тазалап, ақтап, боядық. Сол күні ауа райы аздап салқын болды. Біздің есебімізше, күн ыстық болса тез кеуіп кетер еді. Күн салқын болған соң, бояу жылдам кеппеді», - деді Жалқамыс ауылы №15 жалпы білім беретін орта мектептің директоры Гүлназ Әліғожаева.

Мектеп қызметкерлерінің айтуынша, сол күні 2 кабинет қана сырланған. Бірі - қабылдау бөлмесі, ал екіншісі - оқушылар сыныбы. Директор өз жоспарын аудандық білім бөліміне де, сонда оқитын балалардың ата-аналарына да хабарламапты. Бояу сіңбей жатып кабинетте сабақ та өткізілген.

«Жалғамыс дәрігерлік амбулаториясына №15 орта мектепте оқитын 5 оқушы жүрек айнуы, бас ауруы және бас айналуы туралы шағымдармен түсті. Диагноз: бояу иісінен улану», - дейді Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ләйлім Әубәкірова.

Иістенген 5 бала да үйіне жіберілді. Шу шыққан білім ордасында сабақтар өтіп жатыр. Мектеп директорының ісіне қатысты тексеріс тобы құрылды.

Ішкі тексеріс жүргізуге келген маманның айтуынша, жоспардан тыс сырлау-әктеу жұмыстарына қаржы қайдан табылғаны да анықталады. Ал директор жоспарының демеушілердің көмегімен іске асқанын айтып отыр. Мәлім болғандай, Жалқамыстағы жалғыз мектепте орын да тапшы. 300 балаға арналған білім мекемесінде 900-ге жуық оқушы дәріс алады.