Су тасқыны кезінде өтемақыны қалай алу керек?
Азаматтық қорғау туралы заңның 58-бабына сәйкес, жеке тұлғалар бірнеше жағдайда өтемақы талап ете алады
Биыл бірнеше аймақта су тасқыны қатты болды. Соның салдарынан біраз адам мал-мүлкінен айырылды. Президент Тоқаевқа халықтан кешірім сұрауға да тура келді. Ал үкімет зардап шеккендерге өтемақы төленетінін мәлімдеді. Sputnik Қазақстан су тасқыны кезінде өтемақыны алу тәртібін ұсынды, деп жазады turkystan.kz.
Төрт жағдайда өтемақы төленеді
Азаматтық қорғау туралы заңның 58-бабына сәйкес, жеке тұлғалар бірнеше жағдайда өтемақы талап ете алады. Олар:
- денсаулығына зиян келтіру;
- жақын туыстарының қайтыс болуы;
- мүліктік зиян келтіру;
- баспананың тұруға жарамыз болуы;
Өтеуге жатпайтын заттар:
- уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер;
- бағалы киім, сән-салтанат заттары не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттар;
Өтемақының мөлшері
Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға баспана үкімет айқындайтын тәртіппен беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі, - делінген заңда.
Ал жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі. Ал мүлік сақтандырылған жағдайда шығын сақтандыру компаниясының есебінен өтеледі. Ондайда ақша сақтандыру төлемі шегінде беріледі.
Өтініш қалай беріледі?
Зардап шеккен азаматтар төтенше жағдай болған күннен бастап 30 күнтізбелік күннің ішінде әкімдікке материалдық шығынды өтеу туралы өтініш тапсырады. Ал жергілікті билік оны 10 күннің ішінде шығынның мөлшерін анықтайды. Ол үшін арнайы комиссия құрылады.
Өтінішті зардап шеккен адамның өзі жазады. Ал өзі тапсыра алмаса, туған-туыстары, я болмаса, сенімхат бойынша басқа адамдар жаза алады.
Құжаттардың тізімі:
- жеке куәліктің көшірмесі;
- бүлінген және жойылған мүліктің тізімі;
Заңда өтініштің нақты формасы жоқ. Сондықтан оны еркін нысанда жазуға болады. Бірақ нақты бірнеше мәселені көрсету керек. Олар:
- мүлік болған мекенжай;
- су тасқыны болған күн;
- зардап шеккендердің мәліметтері;
- мүліктің сипаттамасы;
Әкімдік зардап шеккендердің тізімі мен шығынның алдын ала мөлшерін анықтайды. Осы жұмысқа төтенше жағдайлар министрлігі де қатысады. Барлық құжат рәсімделгеннен кейін қаржы министрлігі зардап шеккендерге өтемақыны аударады.
Айта кетері, су тасқыны салдарынан мал өлген жағдайда өтемақы жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ басқа да қаржы көздерінен төленеді.
Ал су басқан орындардан айдалған мал басына азық жетіспеген жағдайда, "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы" АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастыруға мүмкіндігі бар.