Мектеп сантехнигіне шапан жауып, тосын сый жасаған шымкенттік оқушылар көпті тәнті етті
Мектеп қызметкеріне тосын сый жасау сынып жетекшісінің идеясы екен.
Шымкентте №125 мектептің бітіруші сынып оқушылары көпті тәнті етті. 11 «В» сыныбында оқитындар сантехник қызметкерін туған күнімен құттықтап, тосын сый жасады, деп хабарлады turkystan.kz otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Әсерге толы видеоны оқушылардың бірінің ата-анасы ТікТок парақшасында жариялады. Бейнежазбада мектептің еден жуушысы сантехникке хабарласып, №50 кабинеттегі жылу құбырында су ағып жатқанын айтып көмек сұрайды. Ер кісі кабинетке кірген бойда оны оқушылар мен сынып жетекшісі зор қошеметпен қарсы алады.
Видеоны көрген желі қолданушылары мұғалім мен оқушылардың көрсеткен бұл құрметіне ризашылығын білдіріп, тәнті болды.
Сынып жетекшісі 52 жасқа толып отырған туған күн иесіне ізгі тілектерін айтып, ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық тілейді. Оқушылар да сантехник қызметкеріне өз лебіздерін білдіріп, туған күн иесіне шапан жабады. Сонымен қатар қуаныш иесіне көрпе мен бенто торты тарту етіледі.
Ерекше айта кетерлігі, туған күн иесіне табысталған сыйлықты педагог өз қаражатына сатып алған.
Мектептің кіші қызметкеріне тосын сый жасау сынып жетекшісінің идеясы екен. Бұл туралы ой ұстазға былтыр келген.
«Қалтөре ағайымызды бүкіл ұжым болып ерекше құрметтейміз. Өте қарапайым адам. Қандай өтініш айтсақ та дереу көмекке ұмытылып тұрады. Кез келген іс қолынан келеді. Негізі маған ағайымызға тосын сый жасау туралы ой былтыр келген. Ол кісіден туған күні қай уақытта екенін сұрап алғанмын. Ол кезде бұл күн өтіп кеткен еді. Содан бұл датаны есімде сақтап алдым да биыл туған күнінде тосын сый жасадық. Оқушыларыма өз ойымды айтқанымда олар бірден қолдады. Өздері де ол кісіге аса құрметпен қарайды»,-деді ұстаз Айнұр Жаппарқызы.