Қызылордалық 134 отбасы баспаналы болды

Көпқабатты тұрғын үйді «СК Данекер» ЖШС салды.

Қызылордалық 134 отбасы баспаналы болды
Қызылорда облысы әкімдігі
807

Амал мерекесі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 134 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады turkystan.kz.

Аймақ басшысы жиналған жұртшылықты Амал мерекесімен және алдағы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді», – деп атап өткен болатын. Халықты баспанамен қамту еліміз үшін негізгі басымдықтың бірі десек, өңірде бұл бағытта тындырымды тірліктер атқарылуда. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан астам тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы, жайлы өмір сүруінің кепілі болып саналатын баспанамен қамту жұмыстары биыл да қарқынды жүруде. Бюджет қаражаты есебінен 14,3 млрд. теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй салынады. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Жыл басында Тасбөгет кентінде 38 отбасы баспаналы болса, бүгін міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен 134 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл – мемлекеттің тұрғындарды қолдауының нақты көрінісі», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, көпқабатты тұрғын үйді «СК Данекер» ЖШС салды, баспана әлеуметтік жағынан осал отбасыларға берілді.

Рәсімде көпбалалы ана Феруза Әбжанова қоныстой иелері атынан қуанышын жеткізіп, еңбек ардагері Төлеш Әлиев ақ батасын арнады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері марапатталды.

Бүгінде Қызылорда қаласы мен елді мекендердің келбетіне көрік қосатын әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алған. Сол жағалаудан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталып, тағы 11-нің құрылысы басталды. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» салынады. Өткен жылы «Отбасы орталығы» және «Анаға тағзым» орталығы өз қызметін бастады. Жақында 1000 орындық «Өнер орталығы» салтанатты түрде ашылса, сол жағалаудан жаңа өлкетану музейі бой көтереді.

Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Жаңа «Қан орталығы» Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға берілмек.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.

Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес «Орталық стадион» (20,9 млрд теңге) және жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені (6,8 млрд теңге) ел игілігіне табысталады. Жақын күндері заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты пайдалануға беріледі.

Инвесторлар қолдауымен 37 млрд 600 млн теңгенің жобалары іске асуда. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы салынуда. Жоба құны – 20 млрд теңге, жаңа терминал осы жылы пайдалануға беріледі. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы қарқын алды. «Саутс Ойл» компаниясы 650 орындық музыкалық колледж ғимаратының құрылысын бастады.

Биыл 7 ауданда неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйін біріктіретін, құны 11,5 млрд. теңгені құрайтын «Руханият» орталықтары салынуда. «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге «Үстел теннисі орталығының» құрылысы жүргізілуде.

 

Серіктес жаңалықтары