Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті

Ақтөбедегі көрмеге арнайы мамандар қатысып, тазылардың түр-тұлғасына баға берді.

Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті
halyq-uni.kz
696

Ақтөбеде қазақы тазылардың көрмесі өтті. Оған қала мен облыстың бірқатар ауданынан жеті қазынаны баптаушылар жиналды, деп хабарлады turkystan.kz.

Былтыр ел Президенті тазы мен төбетті қорғау мәселесін қолға алуды тапсырған болатын. Қазір кинологтар одағы іске кіріскен.

24.kz арнасының мәліметінше, Ақтөбедегі көрмеге арнайы мамандар қатысып, тазылардың түр-тұлғасына баға берді.

Ердәулет Ізбасаров қазақы тазылар көрмесіне қатысу үшін Шалқар ауданынан келген. Қолындағы «Сылдыр» атты тазысын 3 айынан бері баптапты. Тұқымын да жақсы біледі. Бұған дейін шырға тарту сайысында екінші орын иеленіп, көпшілікті таңғалдырған. Ал қыс түскелі 20-дан астам аң қаққан.

«Амандық болса осы тазыдан күшік алғым келіп отыр. Өзім сыннан өткізіп отырған 3-4 арланым бар. Сол арландарға салып, алдағы уақытта жақсы күшіктер шығарам деген ойым бар. Бұл қазіргі таңда жүгірісі бәрі жақсы. Қоян, түлкі, қарсақ барлығын алып тұр», – деді тазы баптаушы Ердәулет Ізбасаров.

Көрмеге 80 тазы қатысты. Арасында, бабы келіскен жүйрік пен көз тартар сұлулары да бар. Іс-шараға Астана мен Алматыдан арнайы келген сарапшылар тазылардың дене бітімін, аяқ сүйектерін, тісін, тырнағын байқап, қан тазалығына да баса назар аударды. Талапқа сай келгендері тиісті құжатқа енгізілді. Құжат иттердің әлемдік деңгейдегі сайыстарға да қатысуына мүмкіндік береді.  

Көрмеге қатысқан 80 иттің 50-іне оң баға берілді. Ал облыста тазы мен оны баптаушылар саны артқан. Өзара сайыстар ұйымдастырып тұрады. Бірақ кеңінен дамыту үшін қолдау керек. 

«Питомник болатын болса, нұр үстіне нұр болады. Өйткені қазіргі адамдар көбіне тазы жанашырлары бар қалада тұратын. Қалада тұрғаннан кейін көбіне бағу қиындау, қалалық жерлерде. Ал ауылдық жерлердегі адамдардың қалаға келіп, жарысқа қатысуға көп мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан питомник ашылса. Бұл питомникте селекциялық жұмыстар жасалар еді», – деді облыстық «Құмай тазы» федерациясының вице-президенті Жасұлан Жақсылықов,

Бүгінде тазы баптаушылар Алматыда өтетін кезекті жарысқа дайындалып жатыр.
 

Серіктес жаңалықтары